Энтони Блинкен ресми сапармен Астанаға келді
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Астанаға ресми сапармен келді. Бұл туралы мемхатшымен бірге келген батыстық журналистер мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
БАҚ өкілдері Twitter парақшаларында Астананың суық ауа райы туралы да жазған.
"Блинкен Орталық Азия бойынша сапарын Қазақстанда ашты. Оны түнгі сағат 02:00-ден суық Астананың жел соққан алаңында күтіп алды. Температура Цельсий бойынша -8 градус, 48 сағаттан аз уақытта Делимен салыстырғанда үлкен өзгеріс", – деп жазды AFP басылымының тілшісі Шон Тандон.
Астана әуежайынан суреттерді Bloomberg басылымының аға репортері Иэн Марлоу жариялады.
"Қазір ғана біз АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Орталық Азия мен Үндістанға сапары аясында Астанаға қондық", – деп жазды ол.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ мемхатшысы Энтони Блинкеннің Астанаға ресми сапармен келетіні туралы хабарлаған едік. Сапар аясында Блинкенді Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді екіжақты келіссөздер өткізеді.