Қазақстанда енді жігіттерді әскерге көшеден алып кете алмайды: Жаңа заң қабылданды
Фото: видеодан скрин
Сенат кулуарында қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскерге шақыруда қандай өзгерістер болатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Енді әскерге шақырту үшін 1414 нөмірінен SМS-хабарлама жіберіледі.
"Алдағы уақытта әскер қатарына шақыру 1414 нөмірінен SMS хабарлама жіберу арқылы іске асырылады және Қазақстан Республикасының әрбір азаматы өзінің eGov-тағы жеке кабинетінде хабарламаның растығын тексеру мүмкіндігіне ие болады", – деп жауап берді Шайх-Хасан Жазықбаев.
Оның айтуынша, тиісті заң қабылданғаннан кейін жас жігіттерді әскерге көшеден алып кету фактілері болмайды. Сондай-ақ әдеттегідей шақырту жіберілмейді, тек SMS арқылы хабардар етіледі. Егер хабарламаны алушы оны елемей тастаса, онда мәселе Әкімшілік кодекс аясында шешіледі.
"Онымен уәкілетті органдар айналысады. Айыппұл көлемін қорғаныс министрлігі бекітпейді, онымен уәкілетті органдар айналысады, айыппұл мөлшері туралы айта алмаймыз", - дейді министрдің орынбасары.
Еске салсақ, 2025 жылғы 26 маусымда сенат депутаттары әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу туралы заңға енгізілген өзгерістерді мақұлдады.