Енді несие төлемін бір күнге кешіктіргендер қаржы мекемелерінен қарыз ала алмайды
Енді несие бойынша төлемін бір күн кешіктірген тұтынушыға жаңа кредит берілмейді. Нақтырақ айтсақ, екінші деңгейлі банктерге мерзімді төлемін 30 күнге, микроқаржылық ұйымдарға 24 сағатқа кешіктірген борышкерлерге қарыз беруге тыйым салынған. Басты мақсат – қарызды қайтара алмау қаупі жоғары тұрғындарды қарыз қақпанынан құтқару. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қаржы нарығын реттеу агенттігі депутаттарға "банк туралы" жаңа заң жобасын таныстырып жатыр. Айтуларынша, 30 жыл бұрын қабылданған құжат өзектілігін жойған. Сондықтан секторды ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Мәселен, енді қаржы ұйымдарына екі түрлі лицензия беріледі. Бірі – базалық, келесісі – әмбебап. Алғашқысының активтері үшін ең жоғары және ең төменгі деңгей белгіленбек. Яғни, жоспар бойынша, жоғарғы шегі 500 миллиард, төменгісі 10 миллиард теңге болуы қажет. Ал әмбебап банктер исламдық қаржы құралдарын ұсынады. Мысалы, қаржы ұйымы ішінен шариғат талаптарын негізге ала отырып жұмыс істейтін арнайы бөлімшелер ашылады.
“Исламдық қаржының ерекшелігін ескере отырып, исламдық қызметті ұйымдастырушылық тұрғыдан оқшаулау, активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алу және басқару, жеке қызметкерлерді бөлу, сондай-ақ қаржы өнімдерін бекітетін және аудит жүргізетін шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңестің болуы көзделген”, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттінің төрағасы Мадина Әбілқасымова.
Сондай-ақ енді банк қарызы мемлекеттің мойнына өтпейді. Керісінше, акционердің жарғылық капиталы сол борышты төлеуге жұмсалады. Ал егер қаражаты жетпесе, мемлекет қажет қаржыны құйып, акционер атанады. Бұдан бөлек, жаңа заң аясында цифрлық теңгеге де зор мән беріліп отыр. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, бұл төлем түрін қауіпсіз деп айтуға жүз пайыз негіз бар.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
