Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді көршілерінің мазасын алатындар айыппұл орнына қоғамдық жұмысқа тартылады

көше сыпыру

Фото: Freepik.com

1 қыркүйектен бастап жақындарының мазасын алып, көршілеріне күн көрсетпейтін азаматтар қоғамдық жұмыстарға тартыла бастайды. Айыппұл түріндегі жазадан бөлек, көше сыпырып, қоқыс жинауға жұмылдырылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Күзден бастап ұсақ бұзақылық жасаған тұрғындарды қоғамдық жұмыстарға тартуға мүмкіндік беретін түзетулер күшіне енбек. Енді әкімшілік кодексті бұзғандар да көше сыпырып, қоқыс жинауы тиіс. Бастысы, бұл өзгерістер халық тарапынан да қолдау тауып жатыр. Пікірлерінше, қоғамдық жұмыс жауапкершілікті арттырып, бұзақыны қайта тәрбиелеуге ықпал етеді.

Қоғамдық жұмысқа Әкімшілік кодекстің 73-бабы бойынша отбасының мазасын алып, зайыбының ар-намысын таптағандар да тартылады. Кемі 20 сағат көшені қоқыстан тазартуға міндетті. Егер бұзақылық есепті жыл ішінде қайталанса, жаза еселенеді. 434-бап “Ұсақ бұзақылық” бойынша көпшілік жиналатын жерлерде былапыт сөздер айтып, айналасындағы адамдарға тиiсіп, балағаттағаны үшін 20-60 сағат көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Қайталанса, 100 сағатқа дейін ұлғаюы мүмкін. Ал қоғамдық орында қоқыс тастаса, жаза 40, 80 сағатқа жетеді. Бұл кодекстің 434-бабы 2-бөлігі. Сондай-ақ 440-баппен алкоголь iшіп, не қоғамдық орындарға масаң күйде келсе, 20 сағаттық жұмыс күтіп тұр деген сөз.

“Кейбір адамдардың айыппұл төлеуге мүмкіндігі жоқ. Мысалы, оның жанұясы бар, бала-шағасын асырау керек. Үйдің ақысын төлеуі керек. Сондай адамдар айыппұлдың орнына қоғамдық жұмыспен айналысса, меніңше, дұрыс”, – деді “Байтақ” партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев.

Бірақ қоғамдық жұмыстан бөлек айыппұл сақталады. Демек қолына сыпыртқы ұстап, көшені қоқыстан тазалаудан бас тартса, айыппұлын өтейді. Мәселен 40 сағаттық жұмыс үшін 40 мың теңге төлесе болады. Бұзақының келісімінсіз қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалмайды.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 21 Тамыз, 2025 09:23
Талқылау