Енді елімізде қысқа мерзімді курс сертификаттары дипломмен теңестіріледі
Енді Қазақстанда қысқа мерзімді курстар да дипломға теңестіріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда енді маман өзінің біліктілігін дипломмен немесе еңбек өтілімен ғана емес, басқа да тәсілдермен растай алады. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Бұл мүмкіндік жаңартылған Ұлттық біліктілік шеңберінің (ҰБШ) бекітілуінің арқасында пайда болды. Жаңа нұсқа Еуропалық біліктілік шеңберінің қағидаттарына және заманауи экономиканың талаптарына негізделген.
“Ол үшін қызметкер біліктілікті арттыру курсын тәмамдағанын немесе Career Enbek порталы арқылы білім деңгейін дәлелдесе болғаны. Осылайша, бейресми оқу да ресми деп танылады”, – делінген хабарламада.
Демек, жұмыс өтілі мен дипломнан бөлек, сертификаттар да білім деңгейін дәлелдеу үшін қолданыла береді. Еңбек министрлігі кәсіби біліктіліктер жөніндегі ұлттық кеңес сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, жаңа Ұлттық біліктілік шеңберін бекіткен. Құжат бейресми және ақпараттық оқыту нәтижелерін де қамтып отыр.
Жаңа Ұлттық біліктілік шеңбері сегіз деңгейге бөлінген. Олар еңбек функцияларының күрделілігіне, жауапкершілік деңгейіне және жұмыстың ғылымды қажетсінуіне қарай арта береді.
"Ұлттық біліктілік шеңбері ашықтық пен салыстырмалылық қағидаттарына негізделген. Бұл түрлі салаларда алынған құзыреттерді мойындауға және жұмысшылардың мобильдігін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Ол икемді біліктілік жүйесін құрып, өмір бойы оқуды қолдайды және экономиканың нақты қажеттіліктеріне бағытталған", – деді Еңбек вице-министрі Асқарбек Ертаев.

"Баласы бар әйелге міндет арту – сауатсыздық": Қазақстандықтар сәбиі бар үйге қонаққа баратындарды сынады
