Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар үшін ажырасу құны қымбаттайды

Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің бірі айтарлықтай қымбаттауы мүмкін. Мәжіліс депутаттары Салық кодексіне осыған байланысты тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ru.freepik.com

Жаңа Салық кодексінің жобасында некені бұзу үшін баж салығын 0,5 АЕК (2025 жылы 1 966 теңге) көлемінен 5 АЕК (2025 жылы 19 660 теңге) деңгейіне дейін арттыру ұсынылды. 

Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, некені бұзу үшін мемлекеттік бажды көтеру арқылы депутаттар азаматтардың ажырасу туралы шешімге саналы әрі жауапты қарағанын қалайды. 

“Мемлекеттік баждарды ұлғайту азаматтардың некені бұзар алдында уақытша эмоцияға берілмей, шешім қабылдауын тежейді. Әсіресе, жастар арасында негізсіз ажырасулардың санын азайтуға әсер етуі мүмкін”, – дейді депутат.

Мәжіліс депутаттарының сөзінше, бұл бюджетке қосымша қаржы түсірудің амалы емес, мұндай ұсыныс неке мен отбасы мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға деген көзқарасты қалыптастыру үшін жасалып отыр.

Олар бұл ұсынысты азаматтардың жеке өміріне қол сұғу деп санамайды. Тіпті бұл соманы 0,5 АЕК-ден бірден 20 АЕК-ге яғни, 78 640 теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр.

“Отбасы мен балаларды тәрбиелеу, мықты отбасы құру — бұл біздің қоғамның әрқайсымыздың міндетіміз. Не де болса, депутаттардың ұсынысын өз басым құптаймын. Меніңше, АЕК деңгейін көтеру қажет еді, тіпті 20 емес, 200 АЕК-ке (786 400 теңге) дейін арттыру деп ұсынар едім”, – дейді Берік Бейсенғалиев.

Депутат осылайша елдегі ажырасу санын азайтуға болады деп есептейді. 

Талқылау