"Ең бастысы шын ниетімен шақырған": Айнұр Тұрсынбаеваны қонақ еткен Сырым Әуезханның шаңырағы қызу талқыға түсті
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваны өнердегі әріптесі Сырым Әуезхан үйіне қонаққа шақырып, қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Айтыс өнерінің өкілі Алматыға келгелі ешкім қонаққа шақырмағанын айтып, назданған еді.
“Алматылықтардың шақыратын түрі жоқ. Жандарбек Бұлғақов “өткенде келгенде шақырғанмын, қайта-қайта шақыра беретін шамам жоқ” деп ашығын айтты. Сырымның үйі қаланың шет жағындағы ауылда екен. “Қаланың қақ ортасында үйім болмаса да, бір табақ ет асып беретін күйім бар” деп құдайы қонақ қылды. Екі ешкісі біз келгенде егіздетіп туып жатыр екен. “Құтты қонақ келсе ешкі егіз табады” деп мәз болып отырсақ, Сырым: “бұрын бесеуін бірақ туатын ешкі бұл жолы аз туып қалды” деп көңілі түсіп отыр... Ешкінің егіз туғанына кінәлі адам құсап бір ыңғайсызданып отырдым”, – деп жазды Айнұр.
Көпшілік Сырым Әуезханның жайған қарапайым дастарханына назар аударды . Халық айтыскер ақынды мұндай үйде тұрмайды деп күтпесе керек, қызу талқыға салды.
“Үйлері өте қарапайым екен”, “Дастарханы да аста-төк емес”, “Ең бастысы шын ниетімен жайылғаны көрініп тұр”, “Қазақтар ұят болады деп кредитке кіріп, қонақ шақырады”, “Сырымның шаңырағы көп адамға үлгі болсын!”, “Ас атасы – нан тұр”, – деп жазды желі қолданушылары.