Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ең аз жалақы 1000 доллар": Қазақстандық жігіт Қытайдағы мансап, халық дәстүрі жайлы

Қытайға бірнеше жыл бұрын мансап қуып кеткен жерлесіміз Дамир Қадыров көрші ел үлкен мүмкіндіктерге жол ашқанын айтады. Қытай сияқты алпауыт елге әуелде көшуге дайын болмаған Данияр уақыт өте келе жергілікті дәстүр-мәдениетіне үйренген. Аспан асты еліндегі өмірі мен қызметі туралы отандасымыз Stan.kz редакциясына берген сұхбатында айтты.

Қытай үлкен мүмкіндіктерге жол ашты

Қазіргі уақытта ACE Ingredients компаниясында биотехнология саласында халықаралық сатылымдар бойынша менеджер болып жұмыс істеймін. Біз тамақ өнеркәсібіне арналған ингредиенттерді өндіреміз және шетелге жеткіземіз. Компания - өте заманауи, ұжымым - халықаралық және көптілді. Жергілікті қытайлықтардан басқа Италия, Марокко, Мексика, Ресей елінен келгендер бар.

ЕҰУ-де бакалаврдың 4-ші курсында оқып жүргенде мен магистратураны шетелде оқу туралы ойладым. Сол кезде біздің кафедрада Chemical Engineering саласындағы Қытайдың үздік университеттерінің біріне түсуге байқау жарияланды. Мен ұзақ ойланбастан құжат тапсырдым. Ал Қытай өз кезегінде Қытай үкіметінің (CSC) толық грантын бере отырып, үлкен мүмкіндікке жол ашты.

 

Шабаданымды жинап, келе салдым

Шынымды айтсам, Қытай сияқты ерекше елге көшуге дайын емес едім. Жәй ғана чемоданымды жинап, келе салдым. Шанхай әуежайынан дәл алты жыл бұрын түскендегі сезімім әлі есімде. Тұншығып қалатындай көрінді,  өйткені көшеде тыныс алатын ауа жоқ, ыстық ауа мен ылғал араласып тұрды. Бірақ бұл маусымдық құбылыс екенін кейін білдім.

Мұнда келіп, Қытайдың техникалық және экономикалық тұрғыда қаншалықты алға жылжығанын түсіндім, бірақ кейде кейбір мәдени-этикалық мәселелерде артта қалғанын көре аласыз. Түсінікті болу үшін мысал келтірейін: сіз салқын әуежайдан түстіңіз, қала орталығына өте ыңғайлы және заманауи метромен жеттіңіз, ал көшеге шыққанда қоғамдық орындарда түкіріп жүрген адамдарды немесе такси жүргізушісі жолдың жиегінде дәрет сындырып тұрған көрініске куә боласыз (сирек, бірақ кездестіруге болады).

Жөні дұрыс тағам іздеумен қиындықтар болды, өйткені Қытайда біз үшін тым ащы және түсініксіз тамақ көп. Мысалы, жергілікті тұрғындар жақсы көретін "сасық тофу". Шындығында Қытай асханасында әртүрлі және дәмді тағамдар көп екен, бәлкім, мен үйреніп кеткендіктен солай көрінетін шығар.

 

 Шанхайда маған ұнайтын нәрсе:

1) қауіпсіздік (ұрлық пен бандитизм жоқ)

2) ыңғайлы жағдай (көлік, инфрақұрылым, коммуникация)

3) даму мен өсу үшін мүмкіндіктер ұшан-теңіз.

 

Вирустан кейінгі Қытай

Коронавириус пандемиясы кезінде не болып жатқаны алдымен түсініксіз еді, содан кейін қорқыныш туындады, кейін тыныштық орнады. Қытай билігі қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін көргенде көңілім орнына түсті. Маскалар мен дәрі-дәрмектердің бағасы бақылауда болды. Барлық жерде сақтық шаралары мен карантин ережелері сақталды. Қазір, менің ойымша, кейбір қызмет салаларын қоспағанда Қытай қалпына келді. Әрине, барлығы да әлі де маска тағады.

 

Ағылшын тілі мұғалімдерінің табысы 2-3 есе жоғары

Магистратураны бітірген соң, жұмысқа тұрғанда нарықтағы жалақы кемінде 1000 доллар болады. Салыстырмалы түрде ағылшын тілі мұғалімдері 2-3 есе жоғары жалақы алады, сондықтан біздің көптеген студент оқытушы ретінде жұмыс істейді.

Шынын айтқанда, мұнда жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар көп емес. Қазақстандықтар негізінен сауда және бизнес үшін Қытайға келеді. Егер максималды табыс туралы айтатын болсақ, бұл жеке адамның өзіне байланысты.

Тілді үйренуде көптеген қиындық болды. Қытай тілінде алфавит жоқ, 5 тон, бірдей буындар айтылуы кезінде әртүрлі мағынаға ие болады, сондай-ақ мыңдаған иероглиф бар. Тілді табандылық, ыждаһаттылық және тәжірибе арқылы меңгере аласыз.

Қытайлық қалыңдықтар ақ көйлектің орнына қызыл көйлек киеді

Мәдениеті мен өркениеті мүлдем басқа болғанымен, қытайлықтардың бізге ұқсас дәстүрі сан алуан. Мысалы, олардың үйлену тойы бізге ұқсас. Дәстүр бойынша, ерлер жағы қалыңдық үшін төлем дайындайды, тойды екі жақ та жасайды, көп адам шақырылады, шығын ата-ана мойнына түседі. Бізден айырмашылығы - қытайлық қалыңдықтар ақ көйлектің орнына қызыл көйлек киеді.

Қытайдағы отандастарымызбен жақсы араласамын. Университет кезінде біз Қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығы (KSAC) ұйымдастырған іс-шараларға қатыстық. Сонымен қатар, біз балалармен бірге футбол ойнаймыз. Әлдебір туындаған жағдайда, біздің барлық жергілікті қазақстандықтар бір-біріне көмекке келуге дайын.

 

Посткеңестік елдердің қызықты тұлғаларымен сұхбаттасамын

Қазіргі уақытта менің индустриямда халықаралық бизнесті дамыту саласында кәсіби өсуді жоспарлап отырмын. Ал бұған қоса, бос уақытымда мен Қытайда белгілі бір жетістіктерге жеткен посткеңестік елдердің қызықты тұлғаларымен сұхбаттасамын.

YouTube платформасында "Скажи миру ДА" деп аталатын жобам бар, соны әрі қарай дамытуды көздеп отырмын.

Қазақстанға оралу жайлы жиі ойланамын. Шын мәнінде, мен өз елімді өте жақсы көремін және қайта оралғым келеді. Бірақ көп нәрсені үйренгім келеді, өз ісінің білікті маманы және жақсы көшбасшысы болғым келеді. Тек сонда Отаныма оралғанда ел игілігі үшін өзімнің тәжірибеммен бөлісе аламын.

 

 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2020 13:44
Талқылау