Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“14 жылда бірде-бір рет шаршаған сәт болған жоқ”: Әйелдер арасындағы еркін күрес спортшысы қазақ тілін үйренуі, спорттағы қиындықтары жайлы айтты

Әйелдер арасындағы еркін күресте Қазақстан құрамасы атынан өнер көрсетіп жүрген спортшы - Эмма Тисина. Ол Қазақстанның еркін күрес бойынша ересектер арасындағы төрт дүркін чемпионы, әскерилер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері. 27 жастағы Эмма қарапайым ауылда туып-өскен, қазақ тілін еркін меңгерген. Әкесінен жастай айырылған ол спортқа да ерте бет бұрады. Күресті өз күшін, мінезін көрсете алатын алаңға айналдырады. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ару “балуан қыз” болу қандай сезім екенін, Әлем чемпионы атану туралы арманын және қазақ тілінің дамуы туралы ойын айтты.

Эмма Тисина, жеке архивтен

Эмма Тисина Қостанай облысы Наурызым ауданы Докучаев ауылында дүниеге келген. 

Спортпен айналысып келе жатқанына 14 жылдан асқан. Эмма 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.

“Балалық шағым қызықты әрі есте қаларлықтай өтті. Бала кезімде достарымды, туыстарымды жинап, оларға концерт ұйымдастыратынмын. Ән айтып, әртіс болуды, үлкен сахнада өнер көрсетуді армандадым.

Алайда бала арманы артта қалды, өйткені әкем ерте қайтыс болды және біз анама үй шаруасына көмектесуіміз керек еді. Сондықтан жаттығулар мен жарыстарда өз күшімді, мінезімді көрсете алатындықтан, күреспен айналысуды жөн көргендеймін”, - дейді Эмма еркін күреске қалай келгені жайлы.

Эмма Тисина, жеке архивтен

Қазақ тілін меңгерудегі алғашқы баспалдақтар

“Қазақ тілімен танысуым бірінші сыныпта басталды. Докучаев мектебінің бірінші сыныбында қазақ тілі пәнінің мұғалімі Жұлдызай Қабдулова мүмкіндіктерімді байқап, анама “Эммаға бар күш жігерін салу керек” дейтін.

Көшедегі достарыммен қазақша сөйлеуге тырысатынмын. Кейіннен атамның қазақ тілінде жақсы сөйлегенін білдім”, - дейді Эмма.

Тілді оңтайлы үйренудің жолы қарым-қатынасқа тікелей байланысты дейді ол.

Сөзінше, кез келген тіл сияқты қазақ тілін де бала кезден, балабақшадан, мектеп табалдырығынан үйренген тиімді.



“Ойнап жүріп балалар тез үйреніп алады. Ал ересектер үйрену үшін үлкен қызығушылық керек деп ойлаймын”, - деп топшылады ол.

Эмма мемлекеттік тілдің дамуына кәсіби мамандардың көмегі керек деп есептейді.

“Меніңше, еліміздің тұрғындары ана тілін, мемлекеттік тілді құрметтеуі керек. Балабақша, мектеп секілді тәрбие, білім беру орындарында мықты тіл мамандары жұмыс істеуі қажет. Тіл үйренгісі келетін, ынтасы бар адамдарға барынша қолдау көрсету біз танытар көмек болмақ. Тіл үйренуде ең бастысы қарым-қатынас ортасы болмақ”, - дейді ару.

Эмма Тисина, жеке архивтен

“Спортқа 11 жасымда келдім”

“Спортқа ең алғаш келгенімде 11 жаста едім. Шамамен 6-сыныпта менің сыныптастарыма мектеп жиынында диплом, медальдарын, кубоктарын тапсырып жататын. Сол уақытта қызығушылығым ояна бастады. Сыныптастарымнан сұрап, күрестен жаттығуларға барып жүрдім. Алғашқы әсер де жаман болмады, Серік, Аслан есімді жаттықтырушыларым да көңілден шықты. Қызығушылық та артты, аудан, республика көлемінде турнирлерге қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім.

Біздің ауылда спорт секциялары көп болған жоқ. Бокс, қазақша күрес, еркін күрес, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерінің секцияларынан еркін күресті таңдадым. Бұған дейін мен бір жыл көлемінде баскетболға аптасына екі-үш рет барып жүрдім. Үлкен қызығушылық болмағанымен өзім үшін қатысып жүрдім. Күреспен айналып жүрген уақытта көпсайыс спортымен де айналыстым. Нақты бір жаттығуларға бармасам да, ара-тұра дайындық болды. Оның ішінде жүгіру, белтемірге тартылу, сондай-ақ жүзу бар. Осы спорт түрінен мектеп кезінде бірнеше рет облыстық жарыстарға қатынасқаным бар. Алматы қаласына ауысқалы бері күрестен басқа спорт түрімен айналысу ойымда болған емес”, - деп есіне алады Эмма спорттағы алғашқы қадамдарын.

“Анам күреспен айналысуыма қарсы болды”

Эмманың спортқа қызығушылығын алғашында анасы құптамаған көрінеді.

“Екі жылдан соң Есілде өткен республикалық жарыстан соң мені Алматыға шақырды. Нақтырақ айтсақ Алматыдағы  “Шаңырақ” интернатындағы олимпиадалық резерв мектебіне шақырту алдым. Алғашында анам мені жібермеді. Кейіннен тағы да бірнеше жарыстардан соң, қыркүйекте ешқандай емтихансыз оқуға қабылдайтындықтарын айтып тағы да шақырды. Ауылдағы ағайларым анаммен сөйлесіп, ақыр соңында мен 2010 жылы Алматыға келдім. Осылайша Қостанайдан келген жалғыз мен болдым.

Серік ағамен Алматы қаласында келдім. Ол кісі менің жаттығуымды, басқа қыздармен қарым-қатынасымды үш күн көлемінде байқап, бақылады. “Үйге кетесің бе? Саған ұнады ма? Әлде қаласың ба?” деп сұрады. Қыздармен де жақсы қарым-қатынаста болдым, олар тіпті “Эммамен мен бөлмелес боламын” деп таласатын.

Анам, әрине басында қарсы болды. Үлгермейсің, оқуың керек, уақытың болмайды деген сияқты әңгімелер де болды. Үш-төрт айдан соң аудандық, республикалық жарыстардан жүлделі орындар алып жүрдім. Кейбір жарыстардан шет қалған уақытта ренжіп жаттығуларға бармайтынмын. Сол сәтте “Неге бармайсың?” - деп анамның өзі қамшылап отыратын болды. Алматы қаласында мақсатты түрде айналысқан соң, анам менің жарыс кезіндегі қателік, кемшіліктерімді  айтып отыратын. Қазір менің анам - нағыз жанкүйерім”, - дейді Эмма.

“Мақсатым - Әлем және Азия чемпионы болу”

Осы уақытқа дейін Эмма Тисина әйелдер арасындағы еркін күресте көптеген жарысқа қатысып, бақ сынаған. Республикалық деңгейдегі жарыстарда 6 рет топ жарып, ересектер арасында чемпион болған.

“Әлем чемпионатында үшінші орын алып, Азия ойындарына, Ислам ойнындарына қатыстым. Барлығы өте қызықты болып, көп естеліктермен оралдым.

Спортта әрбір спортшының өзінің алға қойған мақсаты, арманы бар. Менің мақсатым - Әлем, Азия чемпионы болу. Осы мақсат жолында бар күш-жігерімді сарп етіп келемін. Күнделікті жаттығу, күнделікті режим менің өмірімнің көрінісі.

Менің талантымды байқап, ашуға мүмкіндік берген ұстаздарыма, жаттықтырушыларыма алғыс айтқым келеді”, - дейді Эмма.

“14 жылда бірде-бір рет шаршаған сәт болған жоқ”

“Күреске 14 жылға жуық уақыт айналысып келемін. Әлі күнге дейін шаршау, жаттығудан жалығу, барғым келмеген сәттер болған емес. 

Спорт мен үшін қиын емес. Қыздарын күрес сияқты спорт түрлеріне қатыстыруға қарсы адамдар да кездесіп жатады. Түптеп келгенде әркім өзі шешеді. Бұл спорт түрі маған өте ұнайды”, - дейді спортшы.

“Жарақаттан соң, шамамен жарты жыл спорттан шет қаласың”

Эмма үшін еркін күрес - өз-өзіңмен күресу. Кейде әділетсіздік орын алатын жағдайлар болады дейді ол.

“Менің ойымша, әр спорттың өзіндік қиыншылықтары бар. Мысалы, күресте психологиялық тұрғыда қиын. Ең алдымен, өз-өзіңмен күресесің. Ұзақ уақыт жаттығулардан соң жарыстарда нәтиже көрсету керек. Өз-өзіңе есеп беріп, барлығы ретімен, саналы түрде болу  керек. Жарақат алған соң, қайта қалыпқа келу қиын болып жатады. Жарақаттан соң, шамамен жарты жыл спорттан шет қаласың. Өз-өзіңмен жұмыс жасап, емделесің. 

Әділетсіздік орын алатын жағдайлар болып тұрады. Сондай сәттерге психологиялық тұрғыда дайын болуың керек. Қысқасы, біздің спортта тастай берік әрі мотивацияң мықты болғаны жөн. Сонда ғана барлық қиындықты еңсеруге болады”, - дейді ол.
 

Назерке Мұса
Бейсенбі, 27 Қазан, 2022 10:41
Талқылау