"Елордада өмір сүру үш ұйықтасам да түсіме кірмеді": 8-ші қабаттан бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбиттің өмірі қалай өзгерді
Астанада 8-қабаттан құлап бара жатқан 3 жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаев елордадағы су жаңа баспанасына отбасын көшіріп әкелді. Батырдың өзі бас қалада өмір сүру үш ұйықтасам да түсіме кірмеді, дейді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі Aibat басылымына сілтеме жасап.
Сәбит құрылыс компаниясы ел алдында сыйға берген үш бөлмелі үйіне отбасын Қызылордадан көшіріп әкелген.
"Астана қаласына келу көп адамның арманы ғой. Бір жағынан балалардың болашағы үшін, екінші жағынан үй берілген соң осында қалдық. Балаларымыз осында оқыса, осы жерден тәлім алса деген ниетіміз бар", - дейді ол.
Сәбиттің ерлігіне бүкіл ел сүйсінген оқиға биыл 11 мамырда елордадағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Жұмысқа бара жатып терезеден баланың салбырап тұрғанын көрген Сәбит туысы екеуі көмекке ұмтылған. Қос азаматтың өз өмірлерін қатерге тігіп, бүлдіршінді құтқарған ерлігін ел ұмытқан жоқ.
- Нұр-Cұлтанда жетінші қабат терезесінен құлап бара жатқан баланы құтқарған жасөспірімге 3 бөлмелі пәтер берілді
- Сәбит Шонтақбаевтың бұған дейін тағы бір қызды құтқарғаны белгілі болды
- Атырау-Алматы бағытындағы пойызда жас сарбаз есінен танып қалған әйелді құтқарып қалды
Батыр азаматтың әйелі Әйгерім Тантікенова күйеуінің ерлігіне сүйсінеді. 8-қабаттан құламай, дін аман қалғанына шүкіршілік білдіреді.
"Үйге көшіп келгеннен кейін, күйеуім ертесіне жұмысқа шығып кетті. Үйді жинап жүріп, көз жасыма ерік бердім. Бұл қуаныштың көз жасы еді", - дейді әйелі.
Сәбит пен Әйгерім қазір 4 бала тәрбиелеп отыр. Балалар батыр, ержүрек әкеміз бар деп мақтанады екен.
Астанаға жұмыс іздеп келіп, бір күнде басына бақ қонған Сәбит қаладағы Локоматив зауытында еңбек етіп жатыр. Ал өзі құтқарып, жаңа өмір сыйлаған баланың отбасымен араласып, тіпті бүлдіршінмен кездесіп тұрады екен.