Еліміздегі жетекші университеттерді қандай өзгерістер күтіп тұр?
Қазақстанда жақында құрылған "Білімді ұлт" сапалы білім беру" ұлттық жобасы аясында еліміздегі жетекші орындарды алатын Назарбаев университеті, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ секілді жоғары оқу орындарын қандай өзгерістер күтіп тұр? Бұл жөнінде Stan.kz тілшісіне Білім және ғылым министрлігінің арнайы өкілі айтып берді.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылған болатын. Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жетекшілігімен "Білімді ұлт" сапалы білім беру" ұлттық жобасы құрылған болатын.
Білім министрі жобада жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталғанын айтып өткен.
Еліміздегі жетекші орындарды алатын жоғары оқу орындарын қандай өзгерістер күтіп тұрғаны жөніндегі сұрақтарымызды ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбековаға қойып көрдік.
– Бану Мұқатайқызы, Қазақстанда Назарбаев университеті сипатында жаңа жоғары оқу орындарын құру жоспарда бар ма?
– “Nur Otan” партиясының "Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!" сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде Назарбаев Университетінің тәжірибесі негізінде 2 озық өңірлік университетті Петропавл және Шымкент қалаларында құру жоспарға алынған.
– Олардың ерекшеліктері қандай болады?
– Аталған жоғары оқу орындарының басты ерекшеліктерінің біріне: жоғары дәрежелі академиялық бостандықтың, халықаралық серіктестің болуы. Сонымен қатар шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асырылуы мен студенттерді өз ережелері бойынша (ҰБТ-сыз) қабылдауға құқықтығы болуы болып табылады.
– С. Өтебаев атындағы мұнай және газ университеті қалай өзгереді?
– Қазіргі уақытта мұнай қызметі көп шоғырланған өңірде өнеркәсіппен ынтымақтастық тетіктері орнатылған мамандардың жетіспеушілігі және кадрларды жаңа дағдылар мен құзыреттіліктерге қайта даярлау жоғары сұранысқа ие.
Осыған орай, елді жоғары білікті кадрлармен жан-жақты қамтамасыз ету мақсатында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетін әлемдік деңгейдегі индустриялық университетке трансформациялау көзделген.
Трансформация университеттің қолданыстағы инфрақұрылымын модернизациялауды, кешенді цифрландыруды, әлемдік академиялық және өнеркәсіптік серіктестермен бірге танымал білім беру өнімдерін құруды, жұмыс істеп тұрған зертханаларды жаңадан және қайта жабдықтауды, аймақтық зерттеу экожүйесін дамытуды қамтиды.
– Л.Гумилев атындағы ЕҰУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университеттерін қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтып берсеңіз.
– Ғылымды қажет ететін технологиялардың даму деңгейі қазіргі уақытта елдің экономикалық дамуы мен ғылыми-өндірістік әлеуетінің сипаттамасы болып табылады. Озық әлемдік тәжірибе көрсеткендей, интеграцияланған ғылыми-білім беру құрылымдары еңбек нарығында сұранысқа ие сапалы жаңа мамандарды даярлауды қамтамасыз етеді, ал жаңа білімді пайдалануға негізделген өндірістегі технологиялық өзгерістер еліміздің экономикалық өсуіне ықпал етеді.
Осыған байланысты ғылым, бизнес және өндірістің интеграциясын қамтамасыз ету үшін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттерінің ғылыми-зерттеу университеттеріне трансформациясы жалғасатын болады.
Трансформация шеңберінде ғылыми зертханалар, жатақханалар, студенттер үйлерінің құрылысы, инфрақұрылымды күрделі жөндеу мен жаңғырту жұмыстары, академиялық даму білім беру бағдарламаларын, педагогикалық қызметкерлер мен қызметкерлерді әзірлеу секілді жұмыстар жоспарланған.
– Әңгімеңізге үлкен рахмет!

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
