Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еліміздегі әскери қызметкерлерді даярлау: Қорғаныс министрі жүзеге асырылып жатқан шаралар жайлы айтты

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әскери қызметшілер жеке құрамының жауынгерлік даярлығына, жауынгерлік мүмкіндіктері мен практикалық дағдыларын дамыту қалай жүзеге асырылып жатқаны жайлы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  

Министр орынбасары Тимур Дәндібаев Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап көпвекторлы сындарлы сыртқы саясатты ұстанып, халықаралық ынтымақтастық негізінде әлемде ұжымдық қауіпсіздікті қалыптастыруда зор үлес қосуда екенін атап өтті.

Ведомство өкілінің мәліметінше, бүгінгі күні еліміз 180-нен астам мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатқан. Шет елдерде Қазақстан Қорғаныс министрлігінің 25 әскери атташесі, ал елімізде 44 әскери-дипломатиялық корпус өкілі жұмыс істейді. 

Вице-министр ынтымақтастық екіжақты форматта, халықаралық және өңірлік ұйымдарға қатысу шеңберінде жүзеге асырылатынын сөз етті. Бұл ретте әскери білім, ғылым, жауынгерлік даярлық, әскери-техникалық ынтымақтастық салалары мен бітімгершілік қызметі ұдайы дамытылуда. 


Қазақстандықтар әскери оқу орындарына қалай түсе алады


"Әскери қызметшілер жеке құрамының жауынгерлік даярлығына, жауынгерлік мүмкіндіктері мен практикалық дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Екіжақты форматта таяу және қиыр шетел қарулы күштерінің – Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Түркия, Италия, Үндістан, Пәкістан және т.б. өкілдерімен бірлескен іс-шаралар өткізіледі. Көпжақты форматта ҰҚШҰ ("Жауынгерлік бауырластық"), ШЫҰ ("Бейбіт миссия"), ТМД ("Жауынгерлік достастық"), БҰҰ ("Дала қыраны") бірлескен оқу-жаттығулары өткізілуде. Жауынгерлік шеберлік деңгейін арттыру үшін әскери қызметшілеріміз әскери халықаралық ойындарға қатысады. Конкурстардың бір бөлігі Қазақстанда өткізіледі. Айта кетейік, шын мәнінде, АрМИ – бұл "ойын" емес, жауынгерлік дайындық түрі. Оларға қатысу әскери қызметшілердің кәсіби өсуіне, әскери шеберлігін және жауынгерлік дағдысын шыңдауға ықпал етеді. ҰҚШҰ шеңберінде әскери-техникалық ынтымақтастық жүзеге асырылуда. 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шартқа сәйкес Ресей тарапы Қазақстанға әскери мақсаттағы өнімді жеңілдікті шарттармен жеткізеді. Екіжақты форматта Қазақстан 40-тан астам елмен әскери-техникалық ынтымақтастық орнатты", – деді ол. 

Министрлік өкілі шетелдік серіктестермен бірлесіп қазақстандық оқу орталықтарының базасында тренингтер өткізіледі және курстар әзірленетінін атап өтті.

"Жалпы тәуелсіздік жылдары Қорғаныс министрлігі негізгі одақтастармен, әріптес елдермен, әртүрлі халықаралық және өңірлік қауіпсіздік құрылымдарымен өзара іс-қимылды жолға қойды. Осы негізде бүгінде әскери ынтымақтастықты, коалициялық әскери құрылысты және әскери білім беру саласын дамыту жалғасуда", – деді Тимур Дәндібаев. 

Бұған қоса, ол шетелдерде кадрлар даярлау мәселесіне тоқталды. 

"Бүгінгі таңда шетелдік әскери оқу орындарында әскери кадрларды даярлау ҚР Қарулы күштерінің қажеттілігіне сәйкес жүзеге асырылады. Біздің әскери қызметшілер Ресей, Беларусь, Армения, Түркия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Корея, Қытай, Ұлыбритания, Италия, Франция және ГФР жоғары оқу орындарында білім алуда. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің қарамағында 9 әскери оқу орны бар. Әскери кадрларды даярлау шет мемлекеттердің әскери оқу орындарында да жүзеге асырылады. Ұлттық қорғаныс университетінде 10 факультет, сондай-ақ 27 оқу кафедрасы жұмыс істейді. Онда күндізгі және қашықтан оқыту форматында 500-ден астам әскери магистранттар мен докторанттар оқиды. Оның ішінде Қырғызстан, Тәжікстан және Армениядан ҰҚШҰ елдерінің 24 әскери қызметшісі бар. Жыл сайын қайта даярлау және біліктілікті арттыру жүйесі арқылы еліміздің Қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының, сондай-ақ мемлекеттік органдарының 3 500-ден астам әскери қызметшілері мен қызметшілері өтеді", – деді вице-министр. 

Спикердің сөзінше, жоғары білім беру бағдарламасы бойынша дайындық барлық әскер түрлері мен Қарулы күштердің негізгі мамандықтарын қамтитын үш әскери институтта жүзеге асырылады. Соңғы жылдары оларға ерекше сұранысқа ие жаңа мамандықтар енгізілді. Сондай-ақ профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттырады, ғылыми әлеуетті дамытады. Қорғаныс зерттеулерінің кеңесі, алдыңғы қатарлы ғылыми-эксперименттік базасы бар әскери-ғылыми орталық құрылды. Ғылыми зертханаларда отандық әскери робототехниканы, ұшқышсыз ұшу аппараттарын жасау, әскери-ғарыштық және ақпараттық технологияларды дамыту мәселелері зерттеледі. 

Сонымен қатар ол әскери қызметкерлерді жасақтайтын оқу орындарына тоқталып өтті. Қорғаныс министрінің орынбасарының мәліметінше, армияны кәсіпқой сержантпен жасақтау міндеті (Щучинск қ.) Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледжге жүктелген. Онда 3 мамандық бойынша толық емес орта білім негізінде техникалық, кәсіптік білім беру бағдарламалары іске асырылады:

  1. Мотоатқыштар бөлімшелерін басқару;
  2. Зымыран әскерлері мен артиллерия бөлімшелерін басқару;
  3. Танк бөлімшелерін басқару.

Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледжде негізгі орта білім беру базасында 2 жыл 10 ай оқу мерзімімен мынадай 4 мамандық бойынша техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары іске асырылады:

  1. Әскери істегі автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар; 
  2. Қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету;
  3. Инженерлік бөлімшелерді басқару;
  4. Радиациялық, химиялық, биологиялық қауіпсіздік әскерлері бөлімшелерін басқару.

Сондай-ақ, министрлік өкілі биылғы жылы әскери оқу орындарына қабылдау оффлайн форматта өтетінін сөз етті. 

Талқылау