Қазақстандық әйел шетелдік күйеуінің кесірінен 2 жасар қызымен табыса алмай жүр
Фото: Зүлкия Фернандестің жеке парақшасы
Қазақстандық әйел шетелдік күйеуі 2 жасар қызын тартып алып, көруге рұқсат бермей жатқанын айтып, көмек сұрады. Сөзінше, ер адам әйелін отбасылық зорлық-зомбылық көрсетті деп айыптап, баласымен көрісуге рұқсат бермей, үйсіз қалдырған. Зүлкия Фернандес жағдайды тілшімізге баяндады.
Қазақстандық Зүлкия Фернандес 5 жыл америкалық ер адаммен некеде. Бірақ белгілі бір себептермен күйеуі АҚШ-та, ал Зүлкия Қазақстанда болған. Қызы Сафияны да Қазақстанда дүниеге әкеліп, осы елдің азаматтығын алды. Алты айлығында қыз АҚШ азаматтығын да алыпты.
"Мен оны сүйіспеншілікпен, сеніммен, қамқорлықпен жалғыз өсірдім. Әкесі басқа елде тұрды. Тек ақша жіберіп тұрды, бірақ баланың өміріне, тәрбиесіне атсалыспады. 2024 жылдың тамызында АҚШ-қа виза алдым, бірақ шетелге кетуге қорықтым. Сөйтіп 14 қарашада қызыммен АҚШ-қа бардық. Бірақ екі аптадан кейін елге оралдық. осы тұста күйеуім де қайтатынын айтып, уәде еткенімен, келген жоқ”, – деді әйел.
Сәуірде ер адам Зүлқия мен қызын Америкаға қайта шақырады.
"Сафиямен кел, бір отбасы болып бірге тұрайық. Ұнамаса, кез келген уақытта кете аламыз" деді. Мен оған сендім. Қызым әкесімен өскенін қаладым", – деді Фернандез.
10 мамырда ерлі-зайыптының арасында жанжал туындаған. Әйел қызын алып, кететінін айтыпты. Бірақ осы кезде ер адам полиция шақырыпты.
"Ажырасу мәселесін талқылау үшін адвокатты алып келді. Құжатта Сафия 6 ай әкесімен қалатыны жазылған. Екеуміз жанжалдасып, оны итердім. Сол кезде ол полиция шақырды. Ол мені тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады деп айыптады. Маған отбасыға жоламау туралы бұйрық берілді, ол Сафияны алып кетті", – деді ол.
Содан бері әйел қызын көре алмай жүр. Тіпті қандай жағдайда екенін де білмейді.
"Қоңырау шалсақ, бұғаттайды. Тіпті әжесімен және өзі бірге өскен туыстарымен сөйлестірмейді. Жат елде ақшасыз, баспанасыз қалып қойдым, тіпті баламнан айырды”, – деді келіншек.
Сөзінше, әкесі қызын алып кеткен кезде Сафия қатты жылап қалған. Себебі онымен өспегендіктен, әке ретінде бауыр баса қоймаған. Әрі қыз ағылшын тілін мүлдем түсінбейді. Сондай-ақ ана баласының жағдайына алаңдайды, себебі бүлдіршіннің жүрегі ауырады екен.
Зүлқия Қазақстанға оралды. Ол прокуратура мен сыртқы істер министрлігінен көмек сұраған.
Stan.kz тілшісі де сыртқы істер министрлігінен жағдай бойынша пікір сұрады. Бірақ әзірге сауалымызға жауап дайын болмады.

"Ет, құрт, қазы, музыкалық аспап алып кіре алмайды": Қазақстандықтар ұшаққа отырарда нені ескеруі тиіс
