Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еліміздегі адал кәсіпкерлерді мүлікті қайта бөлуден қорғау керек – Депутат

Мәжіліс отырысында депутат Азат Перуашев шенеуніктердің мүлікті қайта бөлу және бизнесті рейдерлік жолмен басып алуы күшейгенін жеткізді. Айтуынша, адал кәсіпкерлерді қайта бөлуден қорғау керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Фото: Азат Перуашев Telegram арнасынан

Депутаттың премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында қазір кәсіпкерлердің мүлкін заңсыз тартып алынып жатқаны айтылды.

“Сорақы мысалдың бірі – Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімдігі кәсіпкерлерден 2017 жылы Қаржы министрлігінің ашық аукционынан бірыңғай лотпен сатып алынған шипажай нысандарының бір бөлігін тартып алған. Бұл мәселені біз бұған дейін де көтергенбіз. Бірақ компания нысандарын Болат Назарбаевтың өзіне қайтарып берді. Алайда адал кәсіпкерлердің нысандары тәркіленген күйінде 2 миллиард теңге шығынға ұшырады.  

Сол сияқты "ҚТЖ" АҚ сот арқылы "АНГРЕНСОР Ltd." ЖШС-ны 2011 жылы осы ЖШС салған құны 1,5 миллиард теңгеден астам Павлодар облысы Атығай станциясындағы ғимарат пен темір жолдарды тегін беруге міндеттеген.  

Осыған ұқсас жағдай Маңғыстау облысында да болды. Мұнда Көлік министрлігі тіпті сот арқылы емес, өз бұйрығымен 90-жылдардан бері "Каскор-Транссервис" АҚ-на тиесілі кірме теміржол жолдарын "ҚТЖ" АҚ-ның магистральдық желілері тізіміне енгізіп, олардың мемлекет меншігіне тегін өтуі туралы шешім қабылдаған”, – деді депутат.

Перуашев Жамбыл облысы, Меркі ауданында да аудан прокуратурасы 2007 жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерін дамытып келе жатқан "Жеміс-Жидек" ЖШС-нің 200 гектар жерін тегін тартып алғанын алға тартты.

“Бұл тенденция қарқын алып, мемлекеттік органдар ғана емес, өзге монополистер де басқа кәсіпорындардың меншігіне "қол салуға" әрекет етіп жатыр. Мәселен, жақында Таразда "Жамбыл электр желілері" ЖШС жүн өңдеу фабрикасынан ("ПОШ-Тараз" ЖШС) осы фабрикаға тиесілі электр қосалқы станциясын монополистке арыздану құқығынсыз тегін беруді талап еткен. Әр түрлі аймақтардан келетін басқа да шағымдар бар. Қазірдің өзінде мүлікті қайта бөлудің тұтас тәжірибесі байқалып отыр.



Бұл ретте заңда мемлекеттік және жеке меншік бірдей танылады және бірдей қорғалады деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Ешкімді жеке мүлкінен айыруға болмайды. Тәркілеу қылмыстық құқық бұзушылықтар болған кезде сот үкімі шеңберінде ғана жасалады. Бірақ біз көрсеткен жағдайлардың барлығында қылмыстық іс жоқ, тәркіленген мүлікті өтеу де жоқ”, – деп қосты ол.

Депутат рейдерлердің кейде ескі Қазақстан өкілдері мен олармен байланысы бар олигархтардың заңсыз активтерін қайтару әрекеттеріне де сілтеме жасайтынын жеткізді.

“Бүкіл өркениетті әлемде жеке меншікке қол сұғу – қылмыс болып саналады. Мысалы, АҚШ заңы бойынша мүлікті қару қолдану арқылы қорғауға да болады.

Президент жарлығында жеке меншікке қол сұғылмаушылықты қамтамасыз етуді басты бағыттардың бірі ретінде белгіледі. Себебі меншік құқығы кез келген экономиканың инвестициялық ахуалына тікелей әсер етеді. Біздің жағдайда аталған үрдіс конституцияға да, заңдарға да, президент жарлығына да қайшы келеді.

Ал бұл отандық инвесторлардың да, шетелдік инвесторлардың да сеніміне селкеу түсірері анық. Дәл осы ПОШ-Тараз фабрикасы қазір шетелдік серіктестермен келіссөздер жүргізіп жатыр”, – деп қорытты ол.

Талқылау