"Лесбиянка екенімді 47 жасымда түсіндім": ЛГБТ өкілдері өз оқиғаларын бөлісті
Фото: https://www.facebook.com/profile.php
Бұған дейін Қазақстанда мәжіліс ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңды қабылдаған еді. Осы орайда еліміздегі ЛГБТ өкілдері өз оқиғаларын бөлісіп, әлеуметтік желідегі парақшаларында жазба жариялап жатыр. Олардың айтуынша, бұл заң – кемсітушілік пен құқықты бұзу. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жеке тәжірибесін баяндаған алғашқы ЛГБТ өкілі – Рәзия Хасанова.
“Лесбиянка екенімді 47 жасымда түсіндім”
Рәзия жазбасында өзінің лесбиянка екенін 47 жасында ғана түсінгенін жазған. Оның сөзінше, жас кезінде өзіне қыздардың ұнайтынын сезгенімен, біршама уақыт бойы оны мойындамаған.
“Мен өзімнің лесбиянка екенімді 47 жасымда түсіндім. Жас кезімде маған қыздар ұнайтын, сүйісуді де ең жақын құрбыммен үйренгенмін. Сол кезді қазір, 47 жасымдағы ақылыммен ойласам “Қалай? Барлық қыз бірінші сүйісуді ең жақсы құрбысымен үйренбейтін бе?!” деп таңданатынмын. Сөйтсем, олай емес екен. Мен өзге қатынастардың физиологиясы мен психологиясы туралы ештеңе білмедім. Басқалар сияқты өмір сүрдім. Гомосексуал адамдарды “бұзылғандар” деп ойлап, өзімнен де жасырып, ер адамдар мүлде ұнамайтынын мойындамауға тырыстым. “Бұл мүмкін емес! Мен басқаша емеспін!” деп өзімді сендіре бердім”, – деп жазды ол.
Ол ер адамдарға қызушылығы жоқ екенін ертерек қабылдамағандықтан, оның кесірінен күйеуінің де бақытсыз болғанын жеткізді. Ал оның өтірігі айналасындағы барлық жақын адамын жалмаған.
“Жастық шағымда “Менде не дұрыс емес” деп өзімді жегідей жедім. Тек анам Валентина Александровна (әдебиет пәнінің мұғалімі), Евгения Дмитриевна (музыка пәнінің мұғалімі) және кейінірек телеарнадағы еркін ойлайтын адамдармен жұмыс істегенім ғана мені ауыр ойлардан құтқарды. Жақсы адамға тұрмысқа шықтым, бірақ оны да бақытсыз еттім, себебі бұл өмір салтының маған мүлде келмейтінін түсінбегенмін. Өз-өзіме қол жұмсау туралы ойлардан қашу үшін өзімді жұмысқа арнадым, көңіл көтердім, көп кітап оқыдым. Күйеуімнің ата-анасы мен туыстары, менің туыстарым, біздің отбасымыз, достарымыз, олардың балалары бәрі де осы өтіріктің құрбанына айналды. Бәрі жалған және өз-өзіңді жек көруден туған жалғыздық. Менің де “бәрі сияқты” екенімді көрсететін белгі болмады. “Жеке оқиға ғана ғой” дерсіз. Әттең, солай болса ғой! Егер бір кезде өзім туралы шынайы ақпаратты білуге мүмкіндік болғанда, әлдеқайда сау және бақытты болар едім”, – деді ол.
“Мені сүйе алатын адамды кезіктірдім”
Рәзия Хасанова жылдар бойы жақындарынан айырылып қалмау үшін шындықтың бетін ашпағанын айтады.
“Жарайды. Менің жолым болды. Ерекше ата-ана, керемет ұстаздар (біздің мектепте профессорлар сабақ берді), музыка (анам – дыбыс режиссері), театр, телеарнадағы жұмыс, кітап оқу – бәрі жылдар бойы жиналған стресс пен қорқыныштан құтқаратын жол болды. “Менің қандай екенімді біліп қойса, көңілі қалады, теріс айналады, жақсы көрмей қояды” деген қорқыныш. Маған 47 жасымда жолым болды: мен сүйе алатын, бір күні соңғы сапарға шығарып салатын адамды кезіктірдім”, – деді ол.
ЛГБТ өкілі еліміздегі педофилия мәселесіне де тоқталған. Оның айтуынша, педофилдердің бәрі гетеросексуалдар, ал ЛГБТ өкілдерінің ешкімге зияны тиіп жатқан жоқ.
“Біріншіден, педофилияға тоқталайық. Ұсталған педофилдердің арасында бірде-бір гомосексуал жоқ, бәрі дердік құрметті отбасылы әкелер, аталар, ағалар және бәрі – гетеросексуалдар. Ал біз ересектермен, ерікті, өзара келісімді, өзімізге тең адамдармен қарым-қатынас таңдаймыз, дәл сіздер істейтіндей, қалыпты адамға тән нәрсе осы. Екіншіден, порно сайттар не ұсынып отырғанын қараңыздар және оларға кіру мүлде шектелмегені анықталды. Мен тіркелу керек, қандай да бір деректер енгізу керек деп ойлағам — жоқ! Мүмкін, осыларды шектеу керек шығар?” – деп жазды ол.
“Енді ойың, даусың, даралығың, тұлғаң бәрі жойылады”
Ол сондай-ақ заң шығарушылар білім, баспана секілді маңызды дүниелерге алаңдаудың орнына, “екінші әйелді заңдастыру” туралы талқылап жатқанын жазды.
“Енді заң шығарушылар туралы. Олар жасөспірімдерге арналған тегін үйірмелерді ойлауы керек. Қолжетімді жоғары білімді ойлауы керек. Жастарға қолжетімді баспананы ойлауы керек. Ал олар болса, “кедей, қорғансыз қыздарға көмектесу” деген желеумен “тоқалды қалай заңдастыруға болады” деген бастамаларды ұсынады. Осыдан-ақ бәрі түсінікті шығар.
ЛГБТ-ға қарсы заңды цензура енгізу үшін қабылдап жатыр. Осылайша Овертон терезесі ашылады. Олар құндылық, балаларды қорғау, адамгершілік қағидалары туралы айтады, ал шын мәнінде бақылау орнатады. Енді пікір білдіруге болмайды, сенің ойың, даусың, даралығың, тұлғаң бәрі жойылады. Алдымен гомосексуалдар, кейін әйелдер, одан соң билікті сынайтындар, ақырында кез келген өзгеше ойлайтындар”, – деді ол.
Рәзия сексуалды бағдарлық әркімнің жеке шаруасы екенін алға тартты.
“Бұл тақырыпты өз парақшамда алғаш рет көтеріп отырмын. 55 жасымда ештеңеден қорықпаймын, қорқатын кезден өттік. Бірақ мен сексуалдық бағдарды шешуші фактор деп санамаймын. Ең маңыздысы адамның не істейтіні. Бірақ енді осы заңды қабылдамақ болғандықтан, бұл тақырып бәріне өзекті болып қалды, адамдар мұны айтып, талқылай бастады. Әркімнің жеке шаруасы болып келген нәрсе кенеттен қоғамдағы қызу пікірталас тақырыбына айналды”, – деп жазған ол.
“Балаңыздың гомосексуал болмайтынына ешқандай кепілдік жоқ”
Оның сөзінше, сексуалды бағдарлықтың ерекшеленуі табиғатта болатын құбылыс, сондықтан болашақта кез келген адамның перзенті гомосексуал болуы ықтимал.
“Біз, яғни гомосексуалды адамдар қоғамға қарсы тұруға және қысымға төзуді үйренгенбіз. Біз, шынымен, көппіз, мәселен сіз кейбір таныстарыңыз жайлы білмеуіңіз де мүмкін. Біз өз бағытымызды жариялауды ұнатпаймыз да, қаламаймыз да. Тағы қайталаймын: адамды анықтайтын нәрсе бұл емес. Ең қиыны біздің балаларға тиеді, өйткені мұсылмандыққа қарай құлдилап бара жатқан елде ешкім гомосексуал болуды таңдамас еді, бірақ бұл табиғатта болатын құбылыс, сіздің балаңыздың гомосексуал болуы да әбден мүмкін. Тағы бір жаман тұсы – сіздерге де қиын болады, өйткені Конституцияның негізгі баптары бұзылып жатыр, ал жеке тұлға болу құқығы, сөз бостандығы, ой еркіндігі және басқа да бостандықтар бәрінің үнсіздігімен аяққа тапталады”, – деді ол.
“Мен геймін”
Келесі ЛГБТ өкілі – Виталий Шевченко.
Ол өзінің құқығын қалай қорғау керегін білмейтінін алға тартты, өйткені, оның сөзінше, депутат Еділ Жаңбыршин ЛГБТ өкілдерін “моральсыз қауым, ұят” деп қорлады.
“Мен адам құқықтарын қорғаушы болғым келеді, бірақ өзімді қалай қорғау керегін білмеймін. Менің атым Виталий Шевченко. Қазақстанда ЛГБТ адамдарын көбіне қоғамға қауіп төндіруші немесе отбасылық құндылықтарды бұзушы ретінде көрсетеді. Адамды оның әрекеттері бойынша емес, тек бар болу фактісі арқылы бағалағанда, бұл қарсы көзқарастарды қалыптастырады. Өшпенділік адамдар сені сексуалдық бағдарлығың үшін ғана жақтырмағанда пайда болады. Депутат Еділ Жаңбыршин ЛГБТ өкілдерін “моральсыз қауым, ұят” деп атау арқылы бізді қорлады. Ол шетелдік қаржыландыру және балаларға отбасылық құндылыққа қауіп төндіру туралы қайта-қайта айтып, бізді жоқ жерден дұшпанға айналдырып отыр. Бұл адамдарға қорқыныш тудырып, көпшілікті азшылықтан қорқытудың классикалық схемасы. Мен оны жеке тәжірибемнен білемін”, – деп жазды ол.
Ол өзінің сексуалдық бағдарлығы үшін жасөспірім кезінде буллингке жиі ұшырағанын айтты.
“Мен геймін. Мен жасөспірім кезімде өзгелерден басқаша болғаным үшін ғана буллингке, қорқынышқа, қорлауға ұшырадым. Мені мазақтады, күлді. Мемлекет мені қорғаған жоқ. Мен бұл туралы депутат Еділ Жаңбыршинға айтқанда, ол мені “адамзаттың масқарасы”, өмірге келгенімді “ұят” деп атады. Мен E-Otinish-ке арыз түсірдім, бірақ комиссия “Ештеңе етпейді”, яғни олар өз елінің азаматтарын ашық қорлауға болады деп ойлайды”, – деді ол.
Виталий “Заңды тәртіп” принципі ЛГБТ өкілдері үшін қорғаныс емес, қорқыныш пен тыйым дегенді білдіретінін жеткізді.
“2025 жылғы 5 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа мемлекеттік рәміздер мен ішкі саясат принциптерін бекітетен жарлыққа қол қойды. “Заңды тәртіп” принципі құқықбұзушылыққа төзімсіздікті және барлық түрдегі зорлықты қабылдамауды білдіреді, бірақ көріп отырғанымыздай, гомофобия мен сексуалдық азшылыққа қарсы өшпенділіктен басқа бәріне ғана. Мен және мыңдаған ЛГБТ өкілі үшін бұл принцип қорғаныс емес, қорқыныш пен тыйым дегенді білдіреді, себебі енді мектепте емес, мәжілістің өзінде насихат жүріп жатыр. “Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт” принципі бар, бірақ менің пікірім ешкімге қажет емес. Біз, ЛГБТ өкілдері осы біртұтас ұлттың қатарында емеспіз бе?” – деді ол.
“Бізге артықшылық емес, тең құқықтар қажет”
ЛГБТ өкілі елімізде оның құқықтары тапталып жатқанын айтып, оған артықшылық емес, тең құқық қажет екенін алға тартты.
“Маған отбасы құруға рұқсат жоқ. Маған “Сен отбасылық құндылықты бұзасың” деп айтады. Ал мен рұқсат етілмеген нәрсені қалай бұза аламын? Ұлттық бірліктің символы – шаңырақ. Бірақ осы шаңырақтың астында маған және барлық ЛГБТ өкіліне орын жоқ. Ал депутат Еділ Жаңбыршин ойынша менің орным қайда? Оның жауабынан бәрі түсінікті: “Қақылдама”. Бүгін мен қарапайым нәрсені айтқым келеді: мен бармын және біз бармыз. Біз Қазақстан азаматтарымыз. Бізге артықшылық емес, тең құқықтар қажет”, – деп жазды ол.
Виталий Шевченко Конституцияның сақталуын, сондай-ақ Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт нормаларын орындауды талап етті.
“Мен Конституцияның сақталуын талап етемін, онда кемсітушілікке тыйым салынған. Халықаралық міндеттемелерді, соның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт нормаларын орындауды талап етемін. Сонымен қатар, БҰҰ-ның ЛГБТ+ азаматтарын қорғау бойынша ұсыныстарын талап етемін. Мұнда мен Қазақстан ресми түрде мойындаған сөздерді еске салғым келеді: барлық адам құқықтары туралы жалпыға бірдей декларацияға қол қойған. Барлық адам еркін туады, қадір-қасиеті мен құқықтары бойынша тең. Әр адамға осы декларацияда көрсетілген барлық құқық пен бостандыққа құқығы бар, ешқандай айырмашылықсыз. Мен өз елімнің азаматымын және мен құрметке лайықпын, ешкімнен артық емес, бірақ ешкімнен кем де емес”, – деді ол.
Еске салайық, Қазақстанда мәжіліс ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңды қабылдаған еді.
Жеке блок ретінде балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін контенттен қорғау шаралары бекітілді. Қоғамдық кеңістікте, сондай-ақ БАҚ, телекоммуникациялық желілер және онлайн платформалар арқылы педофилия мен (немесе) дәстүрлі емес сексуалды бағдар насихатын қамтитын ақпаратты таратуға тыйым салынады.
"Адамды қалай өлтіруге болады деп ашық іздеген": Яна Легкодимованың өлімі бойынша тергеуші істі қалай ашқанын баяндап берді