Елімізде жеке детективтердің қызметін жиі кім пайдаланады?
Заңсыз, бірақ сұранысқа ие кәсіп. Жұбайыңыздың, әріптесіңіздің адалдығын тексеріп, күні-түні аңдитын детективтер туралы айтпағымыз. Екі мәрте парламент қабырғасында тиісті заң қаралғанымен, әлі қабылданған жоқ. Есесіне, жеке ізкесушілер астыртын болса да жұмыс істеп жүр.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасының тілшісі детективтің жұмысын атқарып көріп, бағасын да білген болатын.
Жеке детективтер туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қанат Мусин: “олар алаяқтар! заңсыз жұмыс істеп жүр”,-деп пікір білдірді. Бұған дейін бірнеше рет тиісті заң парламентке әкелінген болатын. Бірақ, шикілігі көп. Десе де, халық тарапынан сұраныс бар бұл қызметке. Өйтпегенде, ғаламторда хабарландырулар көптеп тұрмас еді ғой. Біріне телефон шалып, қызметінің бағасын біліп көрдік.
«Біз политикаға кіріспейміз. Мүмкін кейбіреуі ойлайды. Біз тек компромат іздейміз. Бізге келеді, маған компромат керек, қоқаң лоққы жасау үшін деп, біз кіріспейміз. Екі басымыз жоқ. Қажет емес, бізге былай да жетіп жатыр. Зияны кімге тиеді оның?» – дейді жеке детектив.
Бет-жүзін жасырып, атын атамауды өтінген азамат жеке детектив қызметін ұсынады. Кәсібі заңсыз болған соң да түрін көрсеткісі келмейді. Сөзінше, заң қабылдамауда әлдебіреулердің мүддесі бар. Ал тиісті жобаны Әділет министрлігі емес, Ішкі істер ведомствосы дайындауы қажет. «Нақты мысалдармен қарайтын болсақ, мәселен, әйел өзінің өміріне қауіптеніп, әлдебіреу өлтіргісі келетінін айтып шағымданады. Құқық қорғау органдары әдетте «сені әлі өлтірген жоқ, несіне жүгіріп жүрсің» деп жауап қатады. Дәл осы тұста жеке детективтер қажетті дәйектерді жинауда таптырмас құрал болар еді. Бұл менің жеке пікірім» – дейді қорғаушы Әлия Жүнісова.
Тәжірибелі қорғаушы Әлия Жүнісова ұсынылған жоба қабылданған күннің өзінде жеке детектив өз ісін лайықты атқара алмайды деп есептейді. Өйткені аңдып жүрген адамды суретке не бейнекамераға түсіруге болмайды, тілдесуін таспаға жазуға рұқсат жоқ. Ал құзіретін кез келген заңгер, тіпті журналист те атқара алады. Бет-жүзін көрсетпеуді өтінген детективке оралсақ. Қызметі заңдастырылса, тәртіп сақшылары тәртіпке келер еді дейді.
Яғни, жөн-жосықсыз істі жылы жабудан аулақ болмақ. «Ол екі-үш рет ойланады ол істі жабардың алдында. Өйткені ол біледі, ол жапса, азамат кімге барады, кімге шағымданады? Бізге келсе, шындығын шығарамыз. Сонда не ол отырады не қандай да бір жаза болады. Сосын олар ойланады. Қазір олар жабады, кім оларды тексереді? Прокуратура? Өзіңіз білесіз, «Қарға қарғаның көзін шұқымайды». Біздің мемлекетте бәрі шешіледі» – дейді жеке детектив.
АҚШ, Канада, Еуропа елдерінде бұл институт тұрақты жолға қойылған. Тіпті, қай шағым бойынша полицияға не жеке детективке бару керектігі де ажыратылған. Жеке детективтерді 80 пайыз жағдайда яғни көбінесе, жолдасының, ғашығының адалдығын тексеру үшін жалдайды екен.
Одан бөлек жоғалған адамды табу, кәсіптегі әріптесті тексеру қызметі тағы бар. Мұның бәрі әрине, фото-бейнетаспалаусыз жүзеге аспайтыны белгілі. Заңсыз болса да, қызмет атқарады енді. Сұранысты қанағаттандыру керек қой.
Жіберіп алмаңыз:
Қарағанды облысында үйі өртеніп кеткен отбасы жерлерінен айырылуы мүмкін
Елімізде балаларын аяусыз соққыға жығатын ата-аналар неге көбейді?
Қазақстан түрмеде отырған қылмыскерлері көп 50 елдің қатарына кірді
Оралда түрмедегі жазасын өтеуші асылып қалды