Семейде осыған дейін төрт рет болған: Еліміздегі соңғы он жылдағы ең ірі орман өрттерінің хронологиясы
Әлемде орман өрті белең алуда және бұл апат мамандарды да, қарапайым азаматтарды да алаңдатуда. Мәселен, 2019-2020 жылдарда болған Аустралиядағы орман өрті барша елдің осы мәселеге назарын аудартты. Елімізде де жыл сайын орман өрті көбейгенін байқаймыз. Сәйкесінше, жылдан-жылға өрттен келтірілген шығындардың көлемі де ұлғайып жатыр. 2021 жылы 700-ден аса өрт орын алса, 2022 жылы оның саны 800-ге жетіп, 20 миллиард теңгеден астам шығын әкелді. Stan.kz тілшісі еліміздегі соңғы он жылда болған ірі орман өрттерінің хронологиясын дайындады.
© AFP 2023 / Cesar Manso
2010 жыл
2010 жылы 8 қыркүйекте Павлодар облысында орман өрті болып, жеті адам қаза тапты. Өрт қатты желдің кесірінен Ресей-Қазақстан шекарасынан өтіп, Алтай өлкесі мен Новосібір облысы арқылы тарала бастады. Себебі адами фактор делінді.
2011 жыл
2011 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Боралдай орман шаруашылығы өртеніп, жалын 4000 гектарға жуық аймаққа жайылды. Өрттің неден пайда болғаны әлі белгісіз.
2012 жыл
Отырар ауданында орналасқан Шәуілдір және Балтакөл орманшылығында 75 гектар орман алқабы өртенді. Ресми ақпараттар бойынша, бұған әкімдіктің тапсырысы бойынша орман алқаптарын жыртқан мердігерлер кінәлі.
Сол жылы 24 тамызда Алматыда бірден үш жерде ірі өрт болды. Әуежай маңында және Айнабұлақ шағын ауданында өрт болған, ал ірісі Ботаникалық бақта байқалды. 40 өрт сөндіруші мен алты арнайы техника бірнеше сағат бойы бес гектарға жуық өртті оқшаулай алмаған. Алматының өрт сөндіру бөлімдерінің барлық жеке құрамы дабыл қағып, тәулік бойы жұмыс режиміне ауыстырылған.
2013 жыл
Түркістан орман шаруашылығында 600 гектарға жуық аумақтағы тоғай ормандары өртенді. Тілсіз жаудың себептерін анықтау үшін Түркістанға "Әуе орман қорғау" республикалық кәсіпорнының мамандары келген.
2014 жыл
Дала өрті Түркістан облысы Арыс қаласының маңындағы Қожатоғай ауылдық округінде орын алды. Жанып кеткен алаң 2000 гектарға тең. Өртті жоюға жеке құрамның 55 адамы және Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖД өрт сөндіру қызметінің 5 техникасы, 115 адам және жергілікті халықтың 19 техникасы жұмылдырылды.
2014 жылдың шілдесінде Павлодар облысы Шарбақты ауданының Галкин орманшылығындағы орман резерватының аумағы өртенген. Алау дала аймағынан таралған. Өрттің ауданы – шамамен 300 гектар. Сөндіруге 38 бірлік техника мен 110 адам, оның ішінде ерікті өрт сөндіру құралымдары жұмылдырылды. Өртті жою үшін "Қазәуеқұтқару" тікұшағы тартылып, өртті оқшаулауға мүмкіндік туды.
Бір айдан кейін Жамбыл облысында ірі көлемдегі табиғи өрт болған. 4000 гектардан астам таулы орман өртеніп кетті. Бұл жер қорық аумақтарын қамтыған. Оны жою үшін Ұлттық ұланының 140-тан астам офицерлері, сержанттары мен мерзімді қызмет сарбаздары жұмылдырылды.
2015 жыл
Шілде айында Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Қытаймен шекарадан екі шақырым жерде табиғи өрттің ірі ошағы анықталды. Марқакөл орман шаруашылығындағы өрттің ауданы 700 гектарға жетті. Жағдайды бақылау үшін МИ-2 және МИ-8 тікұшақтары қосылған. Шығыс Қазақстан облысы ТЖД орманшыларына көмек ретінде 120 адамнан тұратын қосымша күштер мен қаражат жіберіліпті.
Тамыз айында тағы да Шығыс Қазақстан облысында табиғи өрт орын алып, Зайсан ауданында дала өртіне қарсы екі күндік күрес жүрді. Алау салдарынан Айнабұлақ ауылдық округінің “Байгетөбе" және "Сандықтас" ашық учаскелерінде құрғақ шөп өртеніп кетті. Өрттің ауданы – 500 гектар.
2018 жыл
“Семей орманы” резервуарындағы өрт осыған дейін де бірнеше адамның өмірін қиған. 2018 жылы 21 мамырда болған өрті 300 гектардан асқан. Сол кезде мұны 15 жылдағы ең ірі апат деп атапты. 20 адам қаза тауып, 2,3 мыңға жуық мал қырылды. Өрттің қатты болғаны соншалық, 300 өрт сөндіруші мен орманшы жалынмен бірнеше күн бойы күресті. Жанып тұрған орманға 25 тонна су төгілді.
Мамандар мұны әлдекімнің қасақана өртегенін анықтады. Нәтижесінде 78 млн теңге шығын келген.
2019 жыл
2019 жыл өрт қаупі жоғары жыл деп аталған. Қазақстанның солтүстігінде төтенше өрт қаупі жарияланды. Жалын Павлодар облысының аумағына таралған. Қатты желдің кесірінен ол үдеп, шамамен 100 гектар жерге жайылды.
Ең көп қаза әкелген өрт
2019 жылы сәуірде болған орман өртінің кесірінен тағы да Шығыс Қазақстанда 25 адам көз жұмды. Құтқарушылар өртті өшіру үшін үш күн тынбай жұмыс істеді. Өрттің жалпы ауданы 4000 гектарға жуық.
2019 жылы құтқарушылар 499 орман өртін тіркеп, 220 млн теңгеден астам шығын келгенін анықтаған.
2020 жылы
2020 жылы "Семей орманы" резерватында екі рет ірі өрт болған. Біреуі сәуір айында найзағай жарқылының кесірінен жайылып кетті. Өртенген аумақтың ауданы –шамамен 6000 гектар. Ал одан кейінгі өрт 4000 гектарға жуық аумаққа таралған.
2021 жылы
2021 жылы 10 мамырда Қазақстанның шығысында Риддерде ауқымды өрт болды. Тілсіз жау бір адамның өмірін қиып, 31 тұрғын үй мен 51 учаскені толығымен өртеді, 300 гектарға жуық орманды жойып, 37 қосалқы ғимаратты қиратқан. Сондай-ақ алты автокөлік, бір автокөлік шеберханасы, автомобиль тіркемесі, снегоход өртеніп кетті. Бір әйел көз жұмып, тағы екі ер адам реанимация бөліміне жатқызылған. Осы алапат алаудан кейін қалада төтенше жағдай жарияланды. Материалдық шығын 252 млн теңгеден асыпты.
Сол жылы елде 751 орман өрті болған екен.
2022 жылы
2022 жылы Қазақстанның бірнеше өңірінде бір мезгілде қатты өрт байқалды. Орманды от жалмаған жағдай Қостанай облысынан басталды, содан кейін Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағайдағы орман шаруашылығының аумағында болды. Қарағанды мен Өскемен маңындағы даланы өрт жалмады, ал Алматыда қарсаңында Көк-төбе мен Кеңсай маңындағы тау бөктері өртенді.
2022 – Қостанай облысындағы өрт
Ірі орман өрттерінің бірі Қостанай облысында орын алды. 2 қыркүйекте өрт өршіп, сегіз күннен кейін ғана сөнген. Өрт кезінде 12 адам зардап шегіп, бір ер адамның мәйіті үйінділердің арасынан табылды. Алаудың кесірінен 43 мың гектар орман, екі елді мекенде 90-нан астам тұрғын үй қирады.
Мамандардың айтуынша, өртенген ормандардың қалпына келуіне кем дегенде 20 жыл керек.
ТЖ кезінде барлығы 2091 адам эвакуацияланды, оның ішінде 3 қыркүйекте 1841 адам Аманқарағай, Озерное, Лесное ауылдарынан, 5 қыркүйекте Бағаналы және Қазанбасы ауылдарынан 250 адам эвакуацияланды.
Бірнеше күн ішінде ауқымды өрттің салдарынан Қостанай облысының орман алқаптарының ауданы екі есеге қысқарған.
Осы өртке қатысты Басаман орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Асғат Жақашевке лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айып тағылған. Оған дейін 44 жастағы тракторшы Александр Рапейкоға қатысты үкім шығарылды. 2022 жылдың 2 қыркүйегінде ағаш кесуші маман Рапейкодан ағаш кесуге бөлінген бөлімге вагон сүйретуді сұраған. Тракторшы қолданған техниканың ақаулығы болыпты. Нәтижесінде ұшқыннан өрт шықты.
2022 – Қарағанды облысында бірнеше өрт болды
6 қыркүйекте Қарағанды облысында бір тәулікте 17 табиғи өрт тіркелген. Табиғи өрттерді жоюға өңірдегі ТЖД мен полиция құрамынан, орман шаруашылығы қызметкерлерінен барлығы 279 адам жұмылдырылды.
2022 – Шығыс Қазақстан облысы
6 қыркүйектен бастап облыстың бірнеше аудандарында және Өскеменге жақын жерлерде өрттер өршіп тұрды. Бір тәуліктен астам уақыт ішінде таулы аймақты қамтыған өрт өшірілді. Бірақ бір күннен кейін Қатонқарағай, Глубокое, Күршім аудандары, сондай-ақ Алтай ауданындағы және Ахмирово кентінің жанындағы әскери полигон маңындағы аумақтарды жалын жапты.
2022 – Алматы
Дәл сол қыркүйекте Алматыда Көк-Төбе телемұнарасы маңында және Кенсай-2 ауданында тау бөктері өртеніп кетті. Бірнеше көшенің тұрғындары үйлерін өз бетінше тастап, қашып кеткен. 7 қыркүйек күні кешкі сағат 21:00-ге дейін барлық учаскелерде өрт сөндірілді.
Бір уақытта бірнеше ауданда болған өртті мамандар әдейі ұйымдастырылған деп болжаған еді. 2022 жылы Қазақстанда орман өртінің 801 жағдайы анықталды.
2023 жылы өңірлерде
Атырау облысында “Ақжайық” резевартындағы қамыс өрті 1 сәуірден 6-на дейін өршіп тұрды. Каспий жағалауындағы өрттің жалпы ауданы 1 200 гектарға жеткен.
Қамыс өртін сөндіруге ТЖД 42 қызметкері мен 7 техника, "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерватынан 30 адам, 9 бірлік техника, 2 қайық пен 4 мотопомпа жұмылдырылған.
Министрлік мұның негізі себебі адами факторлардан болғанын ашып айтты. Адамдардың заңсыз аңшылық пен балық аулауға шығуынан екенін болжады. Айтуынша, Атырауда қатты желден қамыстардың өртенген аймағынан жалын жайыла бастаған. Қуаныштысы, флора мен фаунаға зиян келмеді.
Мамыр айында Петропавлда Береке шағынауданында болған өртке байланысты техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Жалын 11 үйді жалмап, тұрғындардың малы қырылған. Айтуларынша, ытық күнде тұрғын үй секторының жанында өскен қамыс тұтаныпты.
Өрт орнынан 40 адам эвакуацияланған. Мұқтаж жандар жақын маңдағы мектепте ашылған дағдарыс орталығына орналастырылып, 28 техника мен 137 құтқарушы жұмыс істеді.
Тұрғындардың айтуынша, өртті дер кезінде өшірсе, жағдай ушықпас еді. Өйткені осы кезде өрт сөндірушілер жабдықталмағандарын, сусыз келгендерін айтты.
2023 –Абай облысындағы өрт
Мамыр айында Абай облысындағы үш ауданда өрт болды. Ресей аумағынан шыққан өрт "Семей орманы" табиғи резерватына таралған. Бұл кезде өрт аумағы 3500 гектарға тең еді. Бірақ 6-10 м/с қатты желдің кесірінен өртті өшіру қиындады. Соның кесірінен жалын өршіп, сондай-ақ тығыз өсетін дақылдар мен тұзды жерлердің жануына қауіп төнеді деген.
8 маусымда орман резерватында еліміздің тарихындағы ең алпауыт өрт орын алды. 9 маусымда оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Сондай-ақ орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілгені айтылды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамға сапарын кейінге қалдырып, Абай ауданындағы өрт аймағына ұшты.
"Семей орманы" табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты. Адамдардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Сараптай келе, 2010 жылдан бері болған дала өрттерінің біршамасы адами фактор мен қасақана әрекеттен болғанын көреміз. Содан кейін жиі себеп болатын жағдай – мердігерлер және қызметкерлердің белгілі бір жауапсыздығы.