Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде несиені оңды-солды таратып, ақшасын қайтара алмай жатқан банктер саны көбейді

Елімізде несиені оңды солды таратып, онысы қайтпай жатқан банктер саны көбейіп барады. Сол себепті, қаржы институттарының проблемалық несие протфелі шегінен асып кеткен. Ал соңғы сегіз айда кредиттерін 90 күннен астам төлемегендердің қарызы 120 миллиард теңгеге өскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жыл басынан бері банктердің несиелік портфелі 15 трлн теңгені құрап, 500 млрд теңгеге артқанымен, қаржы институттарына қаңтардан бері қайтарылмаған қарыз 120 млрд теңге дейін өскен. 

Осылайша, 8 айдың ішінде проблемалы несиелік портфел 10 пайызға артып, бас-аяғы 1 трлн 32 млрд теңгеге жеткен. 

"Биыл қаңтар мен қыркүйек айындағы көрсеткіш бойынша екінші деңгейлі банктерге кешіктіріліп жатқан несие көлемі пайыздық үстемемен қоса есептегенде 191,7 млрд теңгені құрап отыр. Проблемалы несие портфелінің үштігіне: Capital Bank, Tengri Bank, AsiaGredit Bank қаржы институттары кіреді", - дейді ҚР Ұлттық банкі.

Экономистер тағы 4 банктің жағдайы қиындап кетуі мүмкін деп есептейді. Өйткені, төлем уақыты 90 күннен асып кеткен қайтарылмаған қарыз несие портфелінің 10 пайызын құраса, банк секторын қаржылық қиындыққа ұшыратады екен. 

"Менің ойымша, бұл Capital Bank, AsiaGredit Bank және Пәкістанның Қазақстанда қызмет етіп жатқан банкі. Осы банктерді алаңдататын жағдайда деп бағалаймын", - деді экономист Меруерт Махмұтова.

Карантиннің кесірінен қарыздарын төлей алмай жүрген азаматтар әлі де банктерден төлем уақытын 3 ай мерзімге шегеруді өтінсе болады. Сыйақы мөлшеріне әр күн сайын айыппұл қосылмауы үшін банкке 15 күн бұрын алдын ала ескерту керек. 

"Банктердің қызметі туралы заңның 35 бабының 2 тармағына сай жеке тұлға тұтынушылық несиені алып, оны дер кезінде төлей алмаса, алғашқы 90 күнде оған 0,5 пайыз айыппұл қосылады", - деді заңгер Гүлмира Қарасай.

Банктерді банкроттықтан, ал азаматтарды кредиттен құтқарудың бірден бір жолы - несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендету дейді сарапшылар. Мемлекет 4 жылда банк жүйесіне 5 трлн теңге жұмсағанымен, карантин кезінде қаржы институттары жеңілдік жасауға құлықсыз көрінеді.

Талқылау