Елімізде қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жарияланатын болды

Мемлекет басшысы Тоқаев бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жарияланатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жасауға болатынын айтты.
“Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты деп сеніммен айтуға болады. Соған сәйкес, мемлекет пен азаматтардың ықпалдастығы қайта жаңғыруы қажет. Өздеріңізге мәлім, былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады”, – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын айтты.
“Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл Негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам. Жаңа Конституция – халқымыздың ынтымақ-бірлігінің жарқын символы. Оның баптарында әрбір қазақстандықтың арманы мен аңсары, ұрпағының баянды болашағына деген үміті мен сенімі көрініс тапқан. Ата заң барша азаматтың – Отанымыздың шынайы патриоттарының басты бағдарына айналады”, – деді президент.
Президент жаңа Конституция – әлемдік өркениеттің биігіне бет алған ұлтымыздың берік әрі мызғымыз тұғыры екенін айтты.
Жағдайдың мән-жайы
Айта кетейік, былтыр маусым айында Мәжіліс депутаттары “Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы” заң жобасын жұмысқа алған еді. Кейін оны Мәжіліс те, Сенат та мақұлады. Сосын депутат Абзал Құспан рақымшылыққа 15 мың адам ілігетінін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, алдын ала есептеулерге сәйкес, рақымшылыққа бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам, барлығы 15 мың адам ілігеді. ҚАЖ мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған, барлығы 4,1 мың адам бостандыққа шығады.
Маусым айының соңында президент Тоқаев рақымшылық туралы заңға қол қойды. Биыл жыл басында рақымшылыққа ілінген 2 мыңнан астам сотталған бостандыққа шыққаны хабарланды.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған