Елімізде енді 2 жастан асқан сәбилер де жұмысқа тұра алады
Кішкентай сәбилер де қалаған мамандығы бойынша жұмысқа тұрып, ақша табуына болады. Алдағы демалыс күні Астанада балалар арасында «Мамандықтар қаласы» жобасы өтеді. Ұйымдастырушылар екі жастан асқан бүлдіршіндердің барлығын шеберлік сыныбынан тегін өтуге шақырып отыр.
Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Астанадағы «Арай» саябағында сенбі күні өтетін шараға қызу дайындық жүріп жатыр. Мұнда 19 тамыз күні интерактивті қалашық орнатылып, балалар арасында алғаш рет «Мамандықтар қаласы» жобасы өткізілмек. Яғни, екі жастан асқан сәбилерден бастап, 18 жасқа дейінгі жеткіншектер 100 шақты мамандықпен танысып, шеберлік сыныбынан тегін өтеді. Мәселен, құрылысшы болуды қалағандар кірпіш қалап, аспаз болғысы келетіндер тамақ әзірлейді.
«Әр бала кіреберісте мынадай құжат алып, жұмысқа тұрады. Бұл паспортқа баланың жұмыс істеп көрген мамандықтарының аты жазылады. Еңбек кітапшасы баланың өзінде естелікке қалады», – дейді «Мамандықтар қаласы» жобасының авторы Татьяна Люлька.
Ал, дәрігер, мұғалім болып еңбек еткен, немесе өрт сөндіріп, шаш түзеп тер төккен балаға ұйымдастырушылар жалақы да төлемек. Бірақ, еңбекақы алу үшін кішкентайлар кем дегенде 15 мамандық бойынша жұмыс істеп шығуы тиіс. Жалақы ретінде берілген қағаздан жасалған 100 теңгеліктерді болашақ маман иелері кәдесыйлар мен тәттілерге ауыстыра алады. Осылайша, бала бәрінің еңбекпен келетінін түсінеді дейді жоба авторлары.
«Бұл жобада балалар бәрін өздері істеуі керек. Өз бетімен кірпіш қалап, пицца пісіріп дегендей. Есесіне баланың еңбегі бағаланады. Қанша еңбектенсе, сонша қағаз ақша алады. Демек, қалаған тәттісін сатып ала алады», – дейді Астана қ. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Рысгүл Қауғабаева.
Ұйымдастырушылар жобаның басты мақсаты баланы кішкентай кезінен ұнатқан мамандығын таңдауға көмектесу дейді. Баланың қандай мүмкіндіктері бар екенін біліп, интерактивті ойыннан әсер алу үшін ең бастысы ата-аналары бөгет жасамаса деп өтінеді.
Жіберіп алмаңыз:
Алматыда “Дизи” сусынын қолдан жасап сатқан алаяқ ұсталды
Мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алу үшін жалақы қанша болуы қажет?
Белгілі комментатор “Селтиктен” ұтылған “Астана” ойыншыларының жіберген кемшілігін атады