Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде басынан дау арылмаған міндетті медициналық сақтандыру кейінге шегерілуі мүмкін

Елімізде ресми түрде жаңа саяси маусым басталды. Бүгін сенаторлар мен мәжілісмендер жазғы каникулдан оралды. Парламенттің 6-шақырылымының 3-сессиясын президенттің өзі келіп ашты, деп хабарлайды КТК.

116-117-le-nouveau-numero-des-medecins-de-garde_exact1024x768_l

Мемлекет басшысы әбден тынығып, демалып келген депутаттарға алдағы уақытта қандай заңдарды жаңарту керектігін айтты. Ең алдымен міндетті медициналық сақтандыру туралы заңды жіті қарау, Ұлттық банктің құзыретін кеңейтіп, екінші деңгейлі банктерді қатаң қадағалау, сондай-ақ тергеушілердің қолына түскен әр істі бақылауды тапсырды.

Екі айдан бері бос тұрған парламенттің ғимаратында бүгін қызу тіршілік басталды. Алдымен ауыл-аймақты аралап сайлаушыларымен кездескеннен кейін шекара асып, демалып келген депутаттар тегіс жұмысқа оралды. Олар жылда парламенттің кіре берісінде жазғы каникулды кім қайда өткізгенін жарыса айтып жататын. Биыл халық қалаулылары жұмбақ күйде жүр, демалыстан алған әсерлерімен де аса бөліскісі жоқ.

Ал жаңа маусымды ашқан Президент бірден тапсырма беруге кірісті. Ескертуді Нұрсұлтан Назарбаев міндетті медициналық сақтандыруды  келістіре алмай отырған Денсаулық сақтау министрінен бастады. Өйткені, ведомство арнайы қор құрып, азаматтардан 5 миллиардтан астам теңге жинап алған. Алайда жаңа жүйеге толық көшуге дайын емес.

Яғни, басынан дау арылмаған міндетті медициналық сақтандыру  тағы 2 жылға кейінге қалдырылуы мүмкін. Өйткені, министр Біртанов қосымша уақыт сұрап отыр. Бұдан кейін Назарбаев депутаттарға Ұлттық банктің құзыретін кеңейтуді ұсынды. Бас банк екінші деңгейлі банктерді қатаң қадағалауы тиіс. Әйтпесе, жеке банктер мемлекеттің мойнына мініп алған. Субсидиялардың қайда жұмсалып жатқаны тағы түсініксіз.

Назарбаев тергеушілердің арасындағы былықтан да хабардар. Президент қылмыстық істі тергеуді түбегейлі реформалау керек деп отыр.  Қазір полицейлер қолына түскен күдіктінің айыбын қалай дәлелдесе де өзі біледі. Қадағалап жатқан ешкім жоқ.

“Сондай-ақ, президент ұлттық компаниялардың ішкі және сыртқы  несиесін қайта есептеуді де тапсырды. Белшеден қарызға батқан квазимемлекеттік мекемелерді шетінен банкрот жасау керек деді Назарбаев.

Яғни, депутаттар президент айтқан осы мәселелерді жаңа заң жобаларында қарауы тиіс. Ал қолы ұзарып, құзыреті кеңейген депутаттар жаңа сессияны жаңа билікпен бастайды. Халық қалаулылары Үкімет мүшелерінің соңына май шам алып түспек. Уәдесінде тұрмаған, міндетін орындай алмаған министрлерді аямаймыз деп отыр.

“Нәтижесі болмаса, , министрге: «рахмет, басқа салаға жол болсын дейміз». Әр бюджеттің тиыны тиімді пайдаланылуы керек”, – дейді мәжіліс депутаты Гүлжан Қарақұсова.

Бір сағатқа жуық заң шығарушы органның алдында тұрған міндетті тізбелеген Президент Қазақстанның кибер қорғанысын күшейтіп, хаккерлердің шабуылына қарсы тұратын құжатты да қысқа уақытта қарап шығуға кеңес берді. Себебі қазір интернеттен төнген қауіп-қатер үдеп барады. Ал ұзақ демалыстан соң жұмысқа белсене кіріскен Парламент алдағы сәрсенбіде 12 заң жобасын қарамақ. Жалпы, депутаттар осы сессияда Салық кодексі, Ұлттық банктің қызметі, валюталық реттеу, бюджет сынды маңызды заңдарды қабылдайды.

Тағы да оқыңыз:

Еліміздің барлық мектептері бес күндік оқу жүйесіне көшті 

Назарбаев: Адамдар маған хат жаза бергенді доғарып, сотқа сенулері керек

Елбасы қазақ билігіндегі өзекті мәселені ашық айтты: Мүмкін бұл менің кінәм шығар

Талқылау