Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде әуе билеттері неге қымбат: Сенат депутаты айтып берді

Сенат отырысында депутат Сүйіндік Алдашев премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында азаматтық авиация саласындағы бірқатар мәселеге тоқталып, үкіметке оны шешу жолдарын ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: parlam.kz

Сенатор мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметтің кеңейтілген отырысында авиаотынның бағалық қолжетімдігі мәселесін шешуді тапсырғанын еске салып өтті.

“Осы жылдың сәуір айында сенат қабырғасында өткізілген дөңгелек үстел шеңберінде депутаттар осы саладағы бірқатар жүйелі проблеманы көтерді. Олардың ішінде қазақстандық мұнай өңдеуші зауыттар мен авиаотынның жеткіліксіз көлемде өндірілуі және авиаотынды жеткізу бойынша бірыңғай тәсілдің болмауы, ел әуежайларын дамытуда жүйелі тәсілдің болмауы, бірқатар өңірдегі әуежай инфрақұрылымдарының қанағаттанарлықсыз жай-күйі, саладағы кадр тапшылығы және басқа да мәселелер бар. 

Авиабилеттер бағасының қалыптасуына авиаотынның жоғары құны айтарлықтай әсер етеді. Осылайша авиабилет құнының құрылымындағы ең үлкен үлесті – 36,5 пайызды авиаотынға жұмсалатын шығындар алып отыр. Техникалық қызмет көрсету – 14,9 пайызға, әуежайлық қызмет көрсету 10,7 пайызға тең”, – деп атап өтті депутат. 

Сенатордың айтуынша, бүгінде отандық мұнай өңдеу зауыттары саланың авиациялық отынға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін қанағаттандыра алмайтындай жағдай қалыптасқан.

Келтірілген дерекке сүйенсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, елімізде авиаотын өндіру көлемі 746 мың тонна болса, тұтыну көлемі 971 мың тонна болып, отын тапшылығы шамамен 237 мың тоннаға немесе 25 пайызға тең болған. Ал 2030 жылға қарай бұл тапшылық 550 мың тоннаға жетеді деп болжанып отыр.

“Авиаотынды сату және сақтау нарығы дамымаған бәсекелестікпен жоғары шоғырланған, мұнда негізгі жеткізушілер әуежайлар және осы әуежайлармен аффирленген компаниялар болып отыр. Басқа бөлшек жеткізушілермен салыстырғанда әуежайлар сататын авиаотынның құны 15-20% жоғары. Ал көрсетілген қызметтің рентабелдік нормасы 60%-ға дейін жетеді”, – дейді сенатор.

Оның мәлімдеуінше, авиаотын құнын негізсіз көтеруден басқа бұл республиканың транзиттік әлеуетінің төмендеуіне әкеліп соқтырып отыр.

Мәселен, кейінгі 5 жылда шетелдік авиакомпаниялар орындаған халықаралық қатынастар саны 58% қысқарған. Осы кезеңде жүк авиатасымалдарының көлемі 36% төмендеген.

“Авиаотынды сатудан түскен кіріс әуежайлардың кірісінің негізгі бөлігі саналады. Басқа ойыншылардың осы инфрақұрылымға қолжеткізуіне мүдделі емес әуежайлар бар. Бұл авиакомпаниялар үшін отынның жоғары құнының себебі және әуе билеттерінің құнына әсер етеді. Өкінішке қарай, бүгінде авиаотынды сатудың және оның бағасын белгілеудің ашық тетігі жоқ. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың бұл мәселені реттеуге бірыңғай көзқарасы жоқ.

Бұдан басқа айта кететін жайт жерүсті қызмет көрсету аумағы мен әуежай инфрақұрылымы бірқатар өңірде апатты жағдайда және елеулі қайта құруды қажет етеді. Сонымен қатар әуежайлардың тарифтері 2014 жылдан бері қайта қаралмағанын атап өткен жөн”, – дейді сенат депутаты.

Сондай-ақ сенатор азаматтық авиация мамандарын кәсіби даярлау мәселесіне тоқталып өтті.

“Жоғарыда айтылған барлық мәселе ұзақ уақыт бойы шешілмеген және азаматтық авиация саласында белгілі бір жүйелік тәуекелдерге әкелуі мүмкін”, – деді ол.

Сөзін түйіндей келе сенатор қалыптастан жағдайдан шығу және азаматтық авиацияны тиімді дамыту бойынша үкіметке бірқатар ұсыныс білдірді. Олар:

  • Отандық азаматтық авиацияны басқарудың тиімді оңтайлы моделін әзірлеу.
  • Отандық мұнай өңдеу зауыттарында өндірісті ұлғайту мәселесін шешу.
  • Авиаотынның бағалық қолжетімділігін қамтамыз етуге бағытталған және барлық жүйелік тәуекелдерді ескеретін авиакомпанияны авиаотынмен қамтамыз ету жөнінде бірыңғай жүйелік тәсілдер әзірлеу.
  • Әуежайлар бейінді емес қызмет түрлерін қоспағанда өздерінің негізгі қызмет түріне назар аудару.
  • Осы саланың инвестицилық тартымдылығын арттыру жөніндегі жұмысты жандандыру.
  • Әуежайлардың қызметіне инвесторларды тарту жөнінде оңтайлы тетіктерді әзірлеу.
  • Мамандарды тиімді даярлауға бағытталған шаралар кешенін қабылдау.
Талқылау