Елімізде бір айда әскери билет алуға болады: Әскери-техникалық мектептерде кімдерді даярлайды
Бүгінде мемлекет алдында әскери борышын өтеу жайлы жастардың пікірі екіге қақ айырылады. Бірі әскерде қызмет етіп, өз өмірін осы саламен байланыстыруды мақсат етсе, екіншілері жауынгерлік борышын өтеуге кететін бір жылды тым ұзақ мерзім деп санап, әскери билет алудың өзге де жолдарын іздейді. Міне, мұндай азаматтар үшін заңнамада ҚР қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектептерінде ай сайынғы ақылы және ақысыз оқу курстары қарастырылған.
Әскери-техникалық мамандықтар бойынша оқыту қалай жүргізіледі?
Азаматтарды әскери-техникалық және басқа да мамандықтарға оқыту Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында ақысыз және ақылы негізде жүзеге асырылады.
Ақысыз оқуға ҚР ҚК-нің қажеттілігіне қарай денсаулығы бойынша қызметке жарамды, жауынгерлік дайындықтан кейін шұғыл әскери қызметке шақырылатын немесе жұмылдыру резервіне алынған 17 жас 6 айдан 26 жасқа дейінгі азаматтар өтініш білдіре алады.
Ақылы негізде денсаулығы бойынша әскерге баруға жарамды, мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдырған 24-27 жастағы азаматтар оқи алады.
Ақысыз және ақылы баламалы әскери қызметке бұрын сотталған, бұған дейін қылмыстық жауапкершіліктен босатылған немесе оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған азаматтар қабылданбайды.
Ақылы негізде әскери оқуға кеткен азаматтардың дайындық кезінде жұмыс орны мен лауазымы сақталады. Бұл уақытта мекеменің жабылуын қоспағанда жұмыс беруші оларды жұмыстан босатуға құқығы жоқ, бұған қоса, әскери дайындықтағылар білім беру ұйымдарынан шығарылмайды.
- Әскердің баламасы: Қазақстанда әскери билетті алудың қандай жолдары бар
- "Таңғы 6-да тұрасың, демалыс дүйсенбі күні": Қазақстанда әскери борышты өтеу туралы сұрақтардың жауабы
Әскери-техникалық мектепке қалай түсуге болады?
Азаматтарды әскери-техникалық мектептерге қабылдау және оқыту ҚР қорғаныс министрлігі тарапынан мемлекеттік қызмет түрінде жүргізіледі.
Оқуға түсу үшін халыққа қызмет ету орталығы арқылы өтініш беру қажет. Өтініштің жауабы өтінім берілген күннен бастап 2 жұмыс күнінен кейін белгілі болады.
Әскери-техникалық мектепте оқу құны 263 318 теңгені құрайды. Оқу ақысын екінші деңгейлі банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы қолма-қол және қолма-қол ақшасыз төлеуге болады.
Борышкердің өтініші екі жағдайда қанағаттандырылмауы мүмкін:
- ұсынылған құжаттар мен ондағы мәліметтердің сенімді еместігі анықталса;
- өтініш беруші ұсынған құжаттардың Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмесе.
Бұл жағдайда ХҚКО қызметкері өтінішті кері қайтара алады.
Өтініш беруге қандай құжаттар қажет?
- Жазбаша өтініш;
- Жеке куәлік;
- Білімі туралы құжаттың көшірмесі және түпнұсқасы (куәлік, диплом);
- Жеке әскери есепке алу құжаты (тіркеу куәлігі, әскери билет, әскери билетке берілген уақытша билет);
- Әскери қызметке жарамдылық санаты бойынша медициналық куәландыру картасы.
Тізімдегі құжаттардан бөлек қызмет көрсетіп отырған қызметкер электронды үкімет арқылы жеке басын куәландыратын құжаттар, соттылығының бар немесе жоқ екендігі туралы анықтамалар мен тұрғылықты жері бойынша мекенжай анықтамасын алдырады.
Әскери-техникалық мектептерде не оқытылады?
Әскери-техникалық мектептерде атқыш, граната лақтырғыш және пулеметші мамандықтары бойынша оқыту жүзеге асырылады. Оқу мерзімі мамандыққа байланысты және жалпы жағдайда 30-40 академиялық күнді құрайды. Дайындық 15 қаңтар мен 30 желтоқсан аралығында өтеді.
Жауынгерлік дайындық мектептерінде оқу кезінде әскери міндеттілер киіммен, казармада тәулік бойына үш мезгіл тамақпен және жуыну, кір жуу қызметтерімен қамтамасыз етіледі.
Оқу аяқталғаннан кейін жаттығудан өткен сарбаздардың дайындық сапасын тексеру үшін қорытынды емтихандар өткізіледі. Емтихандарға толық оқу курсын аяқтаған, оқу бағдарламасында қарастырылған барлық пәндер бойынша оң баға мен кредит алған кадеттер жіберіледі.
"Қанағаттанарлықсыз" деген баға алған, сондай-ақ, денсаулығына немесе отбасылық себептерге байланысты қорытынды емтиханға қатыса алмаған азаматтарға емтиханды қайта тапсыруға рұқсат етіледі.
Соңғы емтиханды сәтті тапсырған, ақылы негізде оқып, әскери дайындықтан өткендерге резервті даярлау бағдарламасы бойынша оқуды аяқтағаны туралы куәлік беріледі. Осы куәлік бойынша борышын өтеушілер ХҚКО-ға барып, әскери билет алдырта алады.
Әскери билет алу үшін мына құжаттар қажет болады:
- Жеке куәлік;
- Білімі туралы құжаттың көшірмесі және түпнұсқасы (куәлік немесе диплом);
- Әскери резервке даярлау бағдарламасы бойынша оқуды аяқтағаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
- 3х4 фото – 2 дана.
Пандемия кезінде әскери-техникалық мектепке қабылдау өзгерді ме?
Ақысыз негізде әскери-мектепке қабылданар кезде жергілікті атқарушы органдардың сынағынан өтіп, медициналық тексеріске жіберіледі. Мұнда олар тиісті тексерістерден бөлек, ПТР-тест тапсырады. ПТР-тест ақысы мемлекет тарапынан өтеледі.
Ақылы негізде әскери оқуға келгендер коронавирусқа байланысты тексерістерге кеткен шығындардың барлығын өзі төлейді.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
