Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Электровелосипедтер де мопед секілді": Алматы полиция департаменті тұрғындарға ескерту жасады

алматы электровелосипедтерФото: Алматы полиция департаменті

Алматыда полиция электровелосипедтерді міндетті түрде тіркеу мәселесіне қатысты рейдтерді күшейтіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, қала тұрғындары құжат рәсімдеуден қашу үшін мопедтің орнына электровелосипед таңдаған. Алайда қазіргі үлгілерінің жылдамдығы сағатына 40-45 шақырымға дейін жетіп, қозғалтқышының қуаты 400 Вт-тан асады. Заң бойынша мұндай көліктер мопедке теңестіріледі.

"Электровелосипедтерге көпшіліктің қызығушылық танытып отырғанын білеміз. Бірақ заңға сәйкес, қуаты 250 Вт-тан жоғары және жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан асатын көлік құралдары мопед болып саналады. Мұндай көліктерді тіркеусіз және қажетті құжаттарсыз жалпы пайдаланымдағы жолдарда жүргізуге болмайды", – деді Алматы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Асхат Құлбаев.

Асхат Құлбаевтың айтуынша, тіркеу тек ережені сақтау үшін ғана емес, иелерінің қауіпсіздігі үшін де қажет. Ұрлық немесе жоғалту жағдайында құжаттар көлікті заңды иесіне қайтаруды жеңілдетеді.

Полицияның пікірінше, тіркелмеген электровелосипедтерді пайдалану жол қозғалысын қиындатып, апат қаупін арттырады.


Қазақстанда жедел жәрдем мен полицияға жол бермеген жүргізушілер енді көше сыпырады


Алматыда мопед жүргізушісі полицейді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен


Еске салайық, бұған дейін Алматы, Астана және Шымкентте электросамокаттарды дұрыс қоймағандар айыппұл арқалайтынын жаздық. JET компаниясының мәліметінше, алғашқы ереже бұзушылық үшін – 100 теңге, қайталанса – 1000 теңгеге дейін айыппұл салынады. Жаңа талап Алматыда 13 маусымнан бастап күшіне енді. Айыппұл самокатты мас күйде тебу, екі адам міну, қызмет аумағынан тыс жерге қалдыру және сапар соңында дұрыс фото жүктемеу жағдайларына да қолданылады. Алматылықтар бұл шешімді қолдап, тәртіп орнату үшін айыппұл салу қажет екенін айтады.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 25 Тамыз, 2025 12:28
Талқылау