Электр желілерінің тозуы мен автопилотқа қатысты заңның жоқтығы: Депутаттар электромобильдерге қатысты мәселені көтерді
Мәжіліс депутаттары елде электромобильдерге қатысты мәселелерді көтеріп, көлік министрлігі мен вице-премьер Роман Склярға сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Депутаттардың дерегіне сенсек, елде 2024 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша электр қуатымен жүретін көліктер саны 1,6 есе артып, 12,1 мыңға жеткен.
“Электромобильдерді сату көлемі бүкіл әлем бойынша алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл, ең алдымен, көміртегі шығындарына қойылатын талаптардың қатаңдауына байланысты болса екіншіден, Еуроодақтың 2035 жылға қарай іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерді сатуға тыйым салу туралы келісімге келуімен тікелей байланысты болып отыр. Ал Қазақстанда аталмыш көлік түріне деген қызығушылық, оған қойылатын жеңілдіктердің тікелей әсерінен қазір Көлікті елге әкелу кезінде өндірушілер мен импорттаушылар утилизациялық алымдарды төлеуден және бастапқы тіркеу құнынан босатылады, бұл автомобильдің кедендік құнының 15% үнемдеуге мүмкіндік береді. Дегенмен елімізде әлі де көптеген құқықтық мәселелер өз шешімін тапқан жоқ”, – деді депутаттар.
Қуаттау станцияларының жеткіліксіздігі
Депутаттардың сөзінше, қазір Қазақстанда бар қуаттау станцияларының саны электр көліктерінің минималды қажеттігін де қамтамасыз ете алмайды екен.
"ҚазАвтоЖол" 2024 жылы елімізде 40 жаңа қуаттау станциясын орнататынын мәлімдеген еді. Алайда жыл соңында БАҚ өкілдері жарияланған ақпаратқа сәйкес, республикалық маңызы бар жолдардың бойындағы сервис нысандарында тек 23 станция орнатылғаны белгілі болды.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес, электромобильдер мен қоғамдық қуаттау станцияларының оңтайлы арақатынасы 10:1 болуы керек. Ал Қазақстанда қазір 43 электромобильге 1 қуаттау станциясы ғана тең келеді екен”, – деп түсіндірді депутаттар.
Сонымен қатар елде логистика және сервистік қызмет көрсету бойынша да мәселелер бар екен.
“Бүгінде Қазақстанда электромобильдерге техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу орталықтарының желісі жеткілікті деңгейде дамымаған. Сонымен қатар аймақтарға электромобильдерді жеткізу барысында логистикалық қиындықтар да туындап отыр. Осыған байланысты: елімізде электромобильдерге арналған қызмет көрсететін орындарды ашу да кезек күттірмейтін шаруа болып тұрғаны анық”, – деп қосты олар.
Автопилот жүйесі және оның құқықтық реттелуі
Бүгінде электромобильдердің басым бөлігі автопилоттың режиммен жабдықталған. Одан кейін, электромобильдер 3 секундта өте жоғары жылдамдыққа жете алады. Бұл жол қозғалысының қауіпсіздігіне әсер етуі де мүмкін деп топшылады мәжілісмендер.
“Электромобильдер тек экологиялық таза көлік емес, сонымен бірге энергия тиімділігін арттырудың және дәстүрлі отын көздеріне тәуелділікті азайтуда зор мүмкіндік екені де рас. Осы мәселелерді шешу Қазақстанға экологиялық стратегияны жүзеге асыруда айтарлықтай ілгерілеуге және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік берері анық. Осыған сай, электромобильдер санының артуы – уақыт талабы. Біздің еліміз бұл үрдіске дайын болуы керек. Қазірдің өзінде әлемде сатылып жатқан көліктің әр бесіншісі электромобильдер үлесінде”, – деп қосты депутаттар.
Депутаттар өз сауалында тас жолдарда қанша қуаттау станциясы салынатынын сұрап, электр желілеріне түсетін жүктемеге қатысты мәселені көтерді. Сондай-ақ “автопилот режимінде апат болса, бұған кім жауапты болады?” деген сауал қойды.