Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елдің таңдайын қақтырған 3 жасар Ерасыл қалай цирк әртісіне айналды? (фото, видео)

Шымкентте «Шынайы өнер – цирк» облыстық байқауында баршаның таңдайын қақтырған 3 жасар Ерасыл есімді балақай бүгінде ел аузында жүр. Кеше ғана алғаш қадамдарын жасаған балбөбек епті өнерпазға айналып келеді. Ерасылды бұл өнерге баулыған ағасы – Бекберген Бауыржан есімді цирк өнерінің шебері. Stan.kz сайтының тілшісі балақайдың өзімен және ұстазы әрі ағасымен арнайы сұхбаттасып, өнерлеріне өз көзімен куә болып қайтқан еді.

32cfdc25-40c4-47d3-9d27-fa7fbb021232

Жігіт ағасы Бауыржан жеті жасында бұл өнерге ден қойған екен. Қазір жиырма жылдық тәжірибесі бар ұстаз. Аты елімізге мәшһүр Жандарбек Шекербековтің шәкірті. Алматыдағы цирк колледжінде оқып жүріп-ақ, еліміздегі түрлі байқауларға қатысып, тіпті, шетелдік ареналарда өнер көрсете бастаған.

Алматыда, Астанада, Шымкенттегі цирк мекемелерінде қызмет еткен. Түркия, Италия, Франция, Қытай секілді алып елдердің цирк ареналарында өнерін паш еткен.

Бауыржан ұстазының ізін жалғастырмақ болып, Бәйдібек ауылына қайтып келіп, балаларға арналған «Балауса» атты цирк үйірмесін ашты. Үш жылдың көлемінде шәкірт тәрбиелеп, талай таланттарға жол ашып жүр. Оның ізбасарлары бүгінде «Оңтүстік цирк» КММ-де қызмет етеді. Шәкірттерінің алды – 10-сынып оқушылары болса, ең кішісі – үш жасар Ерасыл.

7806b570-ae7d-44ec-80f6-da48a0e00af1

Ерасыл – Бауыржанның бауырының тұңғышы. Алайда, өз баласындай болып кеткен, Бауыржанды әке дейді. Тәй-тәй басқаннан жанына ертіп жүретін көрінеді. Концерт, мерекелік кештер, жарыстар. Соның бәрін көре жүріп, былдырлап жаңа тілі шыққан балақай циркке дереу ден қойған.

«Қылықтарына қарап, әй, осы бала әртіс болады-ау деуші ем, дегенім келіп жатыр» дейді ағасы. Ағасының әр әрекетін қайталауға тырысатын көрінеді. Ұмтылысын көріп, Бауыржан балақайды арнайы дайындап сахналарға алып шыға бастады. Жуырда өткен жарыста сәбилерге таңсық ептілігімен баршаны таңғалдырып, бас жүлдеге ие болуы – еңбегінің алғашқы жемісі.

b38cbaa7-e404-4a9d-8215-b6e6325f9fb8

«Мен циркке қызығам. Циркке папам үйретті. Өскенде циркач болам», – дейді әл тілі шала, кішкентай ғана Ерасыл.

“Тіл-көзден сақтасын, үш жасар баланы  шығарып жатырмын. Ұлымдай болып кеткен соң, әр шыққанында жүрегім елжірейді. Мені тыңдайды, айтқанымды екі етпейді. Циркке деген құмарлығы күшті. Болам деген баланың белін буып, дайындығына жақсылап кіріссем деймін. Нөмірлер дайындап, сахнаға алып шығу жоспарда бар”, – дейді Бауыржан Бекберген.

Ерасылдың әкесі де цирк жанрында өнер көрсетсе керек. Бауырының айтуынша, біраздан бері алшақтап кетіп, қайта қолға алуды жоспарлап отыр екен.

Жақында Бауыржан шәкірттерімен бірге кезекті сапары Түркияға жол тартпақ. Қазір «ЭКСПО-2017»-де өнер көрсету мәселесін қарастыруда. Ізбасарларын Астанадағы Азия, Шабыт фестивальдеріне апарсам дейді.

«Цирк өнері өте күрделі. Қай жанрын алып қарасаң да, әрқайсысы өз алдына бір төбе. Бір нөмірді қою үшін балаларды бірталай трюкке үйретуің керек. Оның әрбірі уақытты алады. Оны үйрену де оңай емес. Төзім, табандылық керек. 50 бала келсе, соның 10-ы қалады. Әр баламен жұмыс істеуде қырағылық керек. Болар баланы тани білу маңызды. Олармен жұмыс істеу үшін психолог болу керек. Дегенмен, олардың сахнада жарқырағаны маған шабыт береді. Цирк колледждерінде акробатика, жонглер, би, клоунада – әр жанрдың мұғалімі болады. Ал ауылдағы үйірмеде барлығынан өзім сабақ берем. Қазақ цирк өнерін дамытсам деймін. Басқалардың трюктарын қайталап емес, ерекше нөмірлер ойлап шығарғым келеді», – деп ағынан жарылды Бауыржан Бекберген.

Жіберіп алмаңыз:

Шымкентте балалар үйінің қос түлегі отбасын құрды (фото)

СҚО-да 8 жыл құлдықта болған ер адам табылды

8 жасар қызды педофилден құтқарған оқушы тегін оқудан бас тартты

Талдықорғандағы Назарбев мектебінде 18 оқушы астан уланып қалды

Талқылау