Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елдегі коронавируспен күресте қай әкім көзге түсті

Коронавирус келгелі шенділерден маза кетті. Әсіресе бұл өңір басшыларына қатысты. Себебі жаһандық інтетпен күрес нәтижесі әкім қаралар мен министрлерден де сұралады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Евразия бірінші арнасына" сілтеме жасап.

коронавирус

Үш ай бойы жалғасқан шектеу шаралары барысында көзге түскен билік өкілдері де болды. Бірі көше аралап, тәртіп бұзғандарды тезге салса, енді бірі сақтық шараларын қалай істеу керектігін үйретті. Енді бір басшы өзі жұқтырып, төсекке таңылды.

Әкімдер өздері басқаратын облыс, қала, аудандардағы ахуалға жауап береді. 

Мәселен, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың арнайы тапсырысымен коронавирустың қауіптілігі, дәрігерлердің еңбегі туралы видеоролик түсірілді. Оның қала аралауы, құрылыс нысандарына баруының өзі арнайы бейнероликтер арқылы көрсетіледі. 

Алматы Covid-19 жұқпасы ең көп таралған мекен. Сағынтаев үндеуінде қала тұрғындары екі ай бойы карантин талаптарын жақсы сақтағанын атап өтті. Алайда сандар қазір өсіп жатыр, дейді ол.

"Екі айдың ішінде шыдамның бәрі бітті, ТЖ бітті деген кезде бәрі сыртқа шықты. Қарасаңыз қазір әр облыста артып келе жатыр. ТЖ кезінде емес, қазір көбейіп келе жатыр. Қаланың әрбір тұрғыны жауапты, маска тақпайтын болса, әлеуметтік сақтықты сақтамайтын болса, ештеңеге қарамай, ойламай жүретін болса, онда ертең бүгіннен де жағдай қиын болып кетуі мүмкін", - деді үндеуінде Бақытжан Сағынтаев.

Дәл осындай үндеуді қазір барлық деңгейдегі басшылар айтып жатыр. Мәселен, коронавирустың таралуы бойынша екінші орындағы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша,  індет ошақтары отбасылар мен еңбек ұжымдарында көбейіп жатыр.

Сондай-ақ, әкім вирустың жас талғамайтынын атап өтті. Себебі, елордада коронавирус жұқтырған жастар саны артып келеді.

"Жәй бос сөз емес, нақты қауіп, соны айту керек. Ол біздің де жауапкершілігіміз. Көбісі ойлайды қарт азаматтар (жұқтырғандар) деп, жас азаматтар, өткенде 40-тан енді асқан азамат қайыс болды", - деді Алтай Көлгінов.

Әкім бәріне қойған талапты өзінен бастайтынын айтты.

Қарағанды облысы әкімі де коронавируспен күресіп бақты, алайда індеттің таралуы мұнда да жоғары.

Жеңіс Қасымбек айдың басында Бұхар жырау ауданы мен Теміртау қаласының әкімдеріне сөгіс жариялады. Ол бұл әрекетіне мынадай түсініктеме берді:

"Әкімдердің барлығы өз көрсеткіштерін төмендетіп көрсетпеуі үшін жасалды. Мұны олар түсінулері керек. Сөгіс жұқтырғандар санының күрт артқаны үшін емес, таралудың алдын алмағаны үшін берілді. Көп адамдар өзге қалаларға барып, отбасылық шараларға қатысты. Біз ол ошақтарды анықтадық", - деді Жеңіс Қасымбек.

Сөгіс алған әкімнің бірі Теміртау қаласының басшысы - Ғалым Әшімов. Ол әкімдер арасында алғаш болып коронавирус жұқтырды. Кейіннен аурудан айығып, жағдайының жақсы екенін хабарлады.

Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов коронавирус әлі елге жетпеген ақпан айында індеті жұқтыруы мүмкін Қытай жұмысшылары Зайсандағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылуы мүмкін екенін деп жұрт шулағанда, келетіндердің Қазақстанның 5 азаматы екенін айтып, оларды сөзсіз қабылдайтынын мәлімдеді.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың жасы 60-тан асқан, коронавирус жұқтыру қауіпі бар. Алайда, сарапшылардың айтуынша, әкімдердің халықпен етене жұмыс істеуі - қазіргі таңда қойылатын басты талаптардың бірі. 

Бұл шолуда коронавируспен күресте ерекше көзге түскен әкімдер қарастырылды. Тізімге Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевті де қосуға болар еді. Өңір тізгінін ұстағалы Шөкеевтен маза кеткен. Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы тасқын. Ол коронавирустан гөрі апатпен алысып көзге түсті. 

Жалпы, індетке қарсы барлық басшыға талап бірдей. Істері де ұқсас, тек ашықтық мәселесінде кейбірі әлі де жабық.

 

Талқылау