Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Елде қос биліктің салтанат құруы үкіметтің жұмысына үлкен кедергісін тигізіп тұр": Саясаттанушы ел билігінің қателіктерін айтып берді

Бұрынғы дипломат, саясаттанушы Қазбек Бейсебаев Stan.kz тілшісіне еліміздегі қазіргі саяси ахуал, қырғыз төңкерісінің бізге әсері, үкіметтің неліктен ықпалсыз болып отырғаны, басқа да саяси-әлеуметтік жағдайлар туралы сұхбат берді.

Қазбек Бейсебаев

Қазбек Бейсебаев

– Жыл аяқталып келе жатыр. Үкіметтің биылғы жұмысына қандай баға бересіз? Мамин үкіметі отставкаға кетуі мүмкін бе?

– Шынын айтсақ, үкіметтің ешқандай ықпалы жоқ. Індет біраз нәрсенің бетін ашып берді. Пандемия кезінде үкімет өз жұмысын жақсы атқарды деп айта алмаймын. Бәрін тізбелемей-ақ, бір ғана «СҚ – Фармация» былығын айтсақ та жетіп жатыр. Олар қоймаға дәрі-дәрмекті толтырып, бірақ елге таратпай отырды, ал мында халық қырылып жатты. Бұдан артық қандай сорақылық керек?! Мұндай үкіметтің бізге не қажеті бар?! Түкке де қажеті жоқ. Елімізде қаншама сауатты, білікті, кемеңгер азаматтар бар. Солар шықсын. Бірақ қазіргі билік ондай адамдарды жанына жолатпайды. Жалпы, қазіргі үкімет пен оның басшысынан жақсылық күтудің өзі бекер. Мамин бұрын «Қазақстан Темір Жолын» басқарды. Ол компанияны 6 млрд доллар қарызбен қалдырды. Сондай компанияны басқара алмаған адам бүкіл елдің үкіметін басқара ала ма? Мен оған үлкен күмәнмен қараймын. Ал енді Мамин кетіп, басқа премьер келген күннің өзінде пайда шамалы. Билік басқа адамды қояды. Ол да өз кадрлары. Оған біздің еш қатысымыз жоқ. Біздің пікірімізге ешкім құлақ аспайды.

– Пандемия қатты өршіп тұрған кезде Тоқаев үкіметті отставкаға жіберуі мүмкін екенін айтты. Алайда бәрібір ондай шешім қабылдаған жоқ. Үкімет жағдайды дер кезінде реттей алды деді. Жалпы, президенттің үкіметке тісі батпайтындай көрінбей ме сізге?

– Бұған қатысты былай айтайын – тұңғыш президентіміз Түркістанға барған кезінде қасында премьер-министр жүрді. Тұңғыш президенттің қазіргі лауазымы қандай? Ол – қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және «Нұр Отан» партиясының төрағасы. Ал ол Түркістанға барған кезінде Мамин қасында не істеп жүр? Яғни, Мамин өзінің тікелей бастығы деп Нұрсұлтан Назарбаевты санайды. Түркістанда премьерден басқа екі вице-премьер, екі министр болды. Бұл бізде қос билік бар екенінің анық дәлелі. Негізі біздің жүйе –толыққанды президенттік жүйе. Демек, бізде билік бір ғана адамның қолында болуы керек. Елде қос биліктің салтанат құруы үкіметтің жұмысына үлкен кедергісін тигізіп тұр.

– Жүйе өзгеру үшін үлкен қадам жасалуы керек екенін білеміз. Бірақ ол қадам бейбіт түрде бола ма, әлде төңкеріспен келе ме, ол жағы белгісіз. Осылай жалғаса берсе, халық наразылығы еселене берсе түбінде қырғыз сценарийі бізде қайталануы мүмкін бе?

– Әбден мүмкін. Жалпы, не істеу керек дегенде біздің алдымызда екі жол тұрғанын аңғарамыз. Оның біріншісі – революция. Екіншісі – парламентте халықтың пайдасына заң қабылдау. Екінші нұсқа жүзеге асуы үшін парламентке елге жаны ашитын азаматтар баруы тиіс. Ол тек сайлау арқылы іске асады. Әрине, әр адамда үміт әрқашан өшпеуі керек. Бірақ дәл қазір доп кімде? Доп – биліктің қолында. Олар біздің адамдарды кіргізе ме? Кіргізсе, өзгерістерді ақырындап бастауға болады. Кіргізбесе, қырғыз нұсқасы болуы мүмкін.

– Былтыр президент сайлауында азаматтық қоғам өте сауатты жұмыс атқарды. Тәуелсіз бақылаушылар соңына дейін күресе алды. Халық осы тәжірибесін парламент сайлауы кезінде де қолданса онда сіз айтып отырған екінші нұсқадан үміттене алатын шығармыз?

– Иә, халық дәл сол жолғыдай азаматтық ұстанымын көрсете алса, онда парламентке халықшыл азаматтар бара алады деп ойлаймын. Ал билік сайлау нәтижесін тағы да бұрмалайтын болса онда халықты көшеге шығуға мәжбүр етеді.

– «Нұр Отан» праймериз өткізіп жатыр. Бюджеттік қызметкерлерге мәжбүрлеу шараларын жасағаны жайлы желіден, БАҚ-тан естіп, оқып қалып жатырмыз. Жалпы, праймериз «Нұр Отанның» соңғы жанталасы секілді сезілмей ме?

– Мүмкін. Партия праймериз арқылы адам іріктеп жатқан да шығар. Бірақ кім өтті? Әкімдер, ректорлар, ықпалды адамдар өтті. Қарапайым адамдар жеңген жоқ. Яғни, әкімшілік ресурсты пайдаланып өз адамдарын жеңіске жетеледі деген сөз. Қазіргі билік тұра беретін болса біз алға емес, артқа кете береміз. Жалпы, бүкіл билікті бір адамның қолына шоғырландырып тастау жақсылыққа алып келмейді. Супер биліктің айналасында алыс адам болмайды. Бәрі - өзінің туыс, таныс, дос-жараны. Бұл жерде тағы айналып жүйенің өзгеруі деген мәселеге келеміз. Мұнай бағасы түсіп кетті. Енді ешқашан баяғыдай көтерілмейді. Әлеуметтік проблемалар үсті-үстіне жиналып жатыр. Кезінде Міржақып Дулатов «оян, қазақ!» десе, біз қазір «ойлан, қазақ» дейміз. Ойланатын, шешім қабылдайтын кез жетті. Тәуелсіздік алған кезде көптеген проблемаларымыз болды. Нарықтық экономикаға көшу, халықаралық мәселелер тағы бар. Ондай кезде биліктің бір адамның қолында болуы бізге біраз артықшылық, тиісінше пайдасын берді. Ал қазір биліктің бір адамның қолына ұстатып қоюдың қажеттілігі жоқ. Демек, өзгеру керек.

Сұхбаттасқан Абай Аймағамбет

Талқылау