Елбасының аттасы: Нұрсұлтан ата арманымның орындалатынын айтты
Кеше Елбасымен кездескен аралдық оқушы Нұрсұлтан Жақсыкелдиевтің қуанышында шек жоқ. Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі «Нұрсұлтан ата арманымның орындалатынын айтты» деп мәз болып жүрген 7 жастағы баланың әсерімен бөлісті.
Айта кетейік, бейсенбі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сыр өңіріне келгенде қызылордалық жастармен жүздескен болатын. Кездесуге бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, ауыр атлетикадан Азия ойындарының чемпионы Әсем Садықова, каратэ-додан Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай, тағы басқа спортшылар жиналды. Сонымен бірге «Нұрсұлтан» есімін иеленген үздік оқушылар да Елбасымен жүздесуге облыс аудандарынан арнайы келді. Солардың ішінде аралдық Нұрсұлтан Жақсыкелдиев те бар. Ол 2-сыныпта оқиды.
Кішкентай Нұрсұлтан Мемлекет басшысына:
«Нұрсұлтан ата, мен Сіз сияқты Президент немесе ғарышкер болғым келеді. Өйткені Президенттің өзінің ұшағы бар. Ал мен әжемді, бірге оқитын достарымды және көрші балаларды ұшаққа мінгізгім келеді. Әсіресе, Сіз салған Астананы көргім келеді. Өйткені бәрі сол қаланы мақтайды», – деп балалық арманын айтты.
Бала Нұрсұлтанның алғырлығына риза болған Елбасы оған:
«Президентің алдыңда тұр! Космодромың міне тұр! Сенде бәрі бар! Бақытты бол!» – деп батасын берді.
Президент кішкентай аттасының басынан сипап, ата-анасымен бірге Астанаға қыдырып қайтуға шақырды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдағы уақытта Нұрсұлтан мен оның жақындарының еліміздің бас қаласына барып-келуіне жағдай жасалатынын жеткізді.
Қызылорда қаласына кішкентай Нұрсұлтанды Елбасымен кездестіруге анасы ертіп әкеліпті. Арал қаласындағы №64 орта мектепте инженер болып жұмыс істейтін Гүлзат Бөріқұлова баласы осы кездесуді көптен бері армандап жүргенін жеткізді.
«Елбасының батасын алу екінің бірінің басына келе бермейтін бақыт. Балам өскенде ғарышкер боламын, Президент боламын деп армандап жүрген. Нұрсұлтан атасымен де кездесуді де, Астананы көруді де, ұшаққа мінуді де армандады. Міне, сол арманы біртіндеп орындалып жатыр. Дән ризамын. Әкесі Сұлтанбек те қуанышты», – дейді Гүлзат Бөріқұлова.
Кеше Елбасымен кездескен бала бүгін зор қуанышпен Аралға – үйіне, мектебіне оралып, отбасымен, сыныптас достарымен, көрші балалармен қауышты. Алған әсерімен бөлісуде.
«Елбасын суреттен, теледидардан көріп жүр едім, бетпе-бет көргенде қуанып кеттім. Нұрсұлтан ата менің тілегімді, арманымды орындаймын деді. Енді менің арманым орындалады. Бірақ мен оның үмітін ақтаймын. Сабағымды жақсы оқимын. Тәртіпті боламын. Сосын Нұрсұлтан атадай азамат боламын», – дейді кішкентай Нұрсұлтан.
Жеті жасар Нұрсұлтанның әжесі Айнагүл Бисенбаева немересіне көп уақыт бөледі. Тәрбиесін жіті қадағалап отырады.
«Елбасы секілді халқы арқа сүйейтін абыройлы азамат, халқының қорғаны болсын деп немереме Елбасының есімін беріп, Нұрсұлтан деп ырымдап қойып едім. Қазақтың ырымы қырын кетпейді ғой. Соған көзіміз тағы бір жетіп отыр. Немеремді көз-тілден сақтасын деп тілеймін», – дейді әжесі.
Нұрсұлтан Жақсыкелдиев қазіргі таңда Арал қаласындағы №260 орта мектептің 2 «Ә» сыныбында оқиды. Оқу ошағының басшысы Айтуған Сауяевтің айтуынша, Нұрсұлтан өте зерек, ақылды, ұғымтал, ашық мінезді бала.
«Әр сабағына аса ықыласпен, мұқияттылықпен дайындалып келетін Нұрсұлтан сыныбының үздік оқушысы. Нұрсұлтанның қоршаған ортаға деген, табиғатқа деген қызығушылығы өте жоғары. Сондықтан болар дүниетану, жаратылыстану пәндерін асқан сүйіспеншілікпен оқиды. Сурет салғанды жақсы көреді. Біз де оның арманының орындалуын тілейміз. Елбасы осындай арманы асқақ өрендерге үміт артады емес пе?!» – дейді мектеп директоры.
Сонымен, Арал қаласындағы кішкентай Нұрсұлтан көп ұзамай көкте самғаған ұшаққа да мінеді, армандаған ару Астанасын да көреді. Қиялына қанат біткен баланың жарқын болашағы бүгіннен басталуда…
Жіберіп алмаңыз:
Мұхтар Алтынбаевтың ұлы қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды
Ресей Марат Тәжинді мемлекеттік орденмен марапаттады
Сапарбаев президент екеуінің арасында болған әңгімені көпшілікке айтты