Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экс-шенеуніктер, Forbes тізіміндегі тұлғалар: Алматы облысында заңсыз үлестірілген жер телімдерінің кімдерге берілгені белгілі болды

Фото: istockphoto.com

Алматы облысының прокуратурасы 15 жылдан астам уақыт бұрын жеке пайдалануға берілген жер телімдерінің мемлекет меншігіне қайтарылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Прокуратураның мәліметінше, жер телімдерін қайтару бойынша жұмыс жүйелі түрде және кезең-кезеңімен жүргізілуде.

"Соңғы үш жыл ішінде мемлекетке жалпы құны 6,1 миллиард теңге болатын 83 мың гектар жер қайтарылды, оның ішінде 21 мың гектары (құны 1,6 миллиард теңге) бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктерге, олардың туыстарына және Forbes тізімінде тұрған тұлғаларға тиесілі болды. Атап айтқанда, прокуратураның талап арызы бойынша 2025 жылдың мамырында мемлекетке Қапшағай жағалауындағы, Құлыбаевтар отбасының меншігінде болған жер телімі қайтарылды", – делінген прокуратура хабарламасында. 

Сондай-ақ депутат Бақытжан Базарбектің сауалында көрсетілген 9 гектар жағалау аймағы да қайтарылған.

Ал Іле ауданындағы жерлер бойынша жұмыс жалғасып жатқан көрінеді.

Еске салсақ, бұған дейін мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматы облысындағы жер телімдерін заңсыз үлестіру мәселесіне қатысты бас прокурорға депутаттық сауал жолдаған еді.

Дана Русланқызы
Сенбі, 27 Қыркүйек, 2025 11:05
Талқылау