Экологтар Ертіс өзеніне құлап кеткен вагондардың ішінде не болғанын айтып берді
Шығыс Қазақстан облысының экологтары 3 сәуірде Ертіске құлаған вагонда не болғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Шығыс Қазақстан облысында Өскеменнен Алтай қаласына бет алған жүк пойызы рельстен шығып кетті. Бұл Серебрянск қаласының маңындағы Ертіс арқылы өтетін теміржол көпірінің кіреберісінде болған. 18 вагонның алтауы көпірден өзенге құлаған.
"Қазгидрометтің қызметкерлері мен мамандары оқиға орнына барып, су сынамаларын алды. Құрамында түсті металдар: қорғасын, мырыш, мыс бар-жоғын тексеріп жатырмыз", - деді ШҚО бойынша экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев.
Данияр Әлиев Ертіске құлаған алты вагонның бірінде мыс-мырыш рудасы тасымалданғанын, қалғандарында шахтадағы бос орындарды толтыру үшін қолданылатын таусылған шлак, сондай-ақ цемент және құрылыс салаларындағы инертті материал бар екенін айтты.
Шығыс Қазақстанның бас экологы вагондарды судан шығаруға болатынын бірақ бұл өте қиын жұмыс екенін алға тартты. Өйткені вагондар 30 метрдей тереңдікке құлаған.
"Шлактың бірден ерімейтінін түсіне отырып, біз қадағалап отыратын боламыз. Жер үсті суларының құрамына ықтимал әсерін зерттейміз және олардағы зиянды заттардың миграциясын оқшаулау шараларын қарастырамыз", - деп қосты Данияр Әлиев.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
