Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Эколог Мэлс Елеусізов алматылықтарға жер сілкінісінен аман қалудың екі нұсқасын ұсынды

Биыл 23 қаңтардағы жер сілкінісінен кейін алматылықтар үшін аталмыш тақырып қорқынышты әрі өзекті мәселеге айналды. Көпқабатты ғимаратта тұратын тұрғындар жер үйдегі туыстарына қарай ағылған еді. Тосыннан келетін табиғат апатынан сақтанудың жолдары қандай? Белгілі эколог Мэлс Елеусізов зілзаладан аман қалудың екі нұсқасын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Эколог әрі саясаткер Мэлс Елеусізов қаншама жыл қоршаған ортаның ахуалын айтып, табиғи апаттар тақырыбы туралы ой-пікірін ашық білдіріп жүр. Ол бұл жолы Алматы халқын жиі әбігерге салатын жер сілкінісінен сақтанудың екі тәсілін айтты. 

"Біріншісі – қайтадан ауылға бару керек, биік үйлерден шығу керек. Қазір көктем келе жатыр, ауылға барып, кішкене үйреніп, бау-бақша салып дегендей... Біздің қазақтар қой бағу, жылқы бағудан басқа ештеңе істеген жоқ қой. Өзге кәсіпті басқа мемлекеттің адамдары жасады. Соны үйрену керек, көптеген дұрыс заттар бар. Мысалы, Кеңес үкіметі кезінде еттің 82%-ын сол ауылдың тұрғындары берген. Ол кезде үлкен мал, құс фермалары болатын. Қазіргі жағдайда жер сілкінісінен ауыл ғана сақтайды. Балаларды ойлау керек. Көбінің балалары кішкентай. Оларсыз өмір жоқ, болашақ та жоқ", – дейді Мэлс Елеусізов. 

Жойқын зілзаладан сақтану үшін белгілі эколог ұсынған екінші нұсқа да бар. Оның айтуынша, бұл бастаманы жүзеге асыру жолында үкіметтен қолдау қажет. 

"Екіншісін біз қанша рет айттық, кезінде президент Назарбаевқа да айттық. Ол "модуль" деп аталады. Оның сырты шкаф сияқты, бірақ өте мықты. Жерді бұрғылайтын мықты құбырлардан жасалады және сигналдық құрылғы орнатылған. Сейсмо толқын болардан 10 секунд бұрын шырылдайды. Сол 10 секундта тұра салып, ішіне кіріп кету керек. Ішінде тамағы да бар, 5-6 күнге суы да бар, киімі, құжаттары, керекті заттың бәрі сол модульдің ішінде болуы керек. Үкіметке қанша айттым, ешкім тыңдамайды. Біз әлі тойға кредит алып жүрміз. Ал мына модуль мәселесі –жан сақтау, балаларды сақтаудың қамы. Мемлекеттік деңгейде көмектессе, модульді халық өзі істейді. Біріншіден, кредит алған кезде пайызсыз болу керек. Екіншіден, темірдің бағасын арзандату керек, темірді өзіміздің комбинатта шығаруға мүмкіндік бар. Алматыда қаламын дегендер сол модульді жасау керек. Байлар өздеріне жасап жатыр. Ал кедейге көмектеспесек, бәрін қырып аламыз. Басқа жол жоқ", – дейді эколог.

Сондай-ақ Мэлс Елеусізов бұл сұхбатында жер сілкінісі кезінде дүрбелеңге салынбай, арандатушылардың арбауына түспей, сейсмологтар таратқан ресми ақпаратқа құлақ асу керек екенін баса айтты. 
Видеосұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау