"Енжарлықты қойып, тәртіппен ақша жинадық": Жас отбасы Наурыз бағдарламасымен қалай пәтер алды?
Баспана жалдап тұру, пәтерден-пәтерге ауысып, көшіп жүру көпшілік үшін күнделікті, әдеттегі өмір салтына айналғандай. Себебі баспаналы болу көп жағдайда қол жетімсіз деп есептеледі. Әсіресе, жас отбасылардың арасында “үйлі болуға асығудың қажеті жоқ” деп ойлайтындары бар. Небәрі 26 жастағы Шымкент тұрғыны Ұлбала Бегалықызы бұл қасаң пікірді теріске шығарып отыр. Жастықтарына қарамастан ол жолдасы екеуі қаржылық сауатын арттырып, қаражат жинап, Отбасы банктың “Наурыз” бағдарламасы арқылы алғашқы баспаналарын алған. Ұлбала Бегалықызы Stan.kz ақпарат агенттігіне отбасымен қалай пәтерлі болғандарын айтып берді.
“Әлі жаспыз, бала-шағамыз жоқ, баспана алуға асығудың қажеті шамалы” деп ойладық
Шымкенттегі Шәуілдір ауылының қызымын. Төрт жарым жыл бұрын тұрмыс құрдым, 3 жасар ұлымыз бар. Өзім инфобизнеспен, маркетингпен айналысамын. Жолдасым мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Күйеуімнің қызметіне байланысты біраз уақыт Павлодарда тұрдық, кейін Шымкентке көшіп келдік. Екі жақта да пәтер жалдадық. Шыны керек, алғашқы жылы баспана туралы ойланбай, бейғам жүрдік. Біз де көбі сияқты “Үйлене сала, үй алу мүмкін емес”, “Жаспыз ғой, әлі уақыт бар”, “Әлі ерте, бала-шағамыз жоқ” деп, ақшамызды оңды-солды жұмсай бердік. Кейін балалы болатынымызды білгенде ойлана бастадық. Екеуіміз де Отбасы банктен депозит шотын ашып, үй алу үшін ақша жинаймыз деп шештік. Дәл сол уақытта жолдасым еңбек демалысына шығып, қолымызға қомақты ақша түсті де, оны бірден депозитке салып жібердік. Бірақ одан кейін ай сайын тұрақты түрде ақша салуға қиналып қалдық. Қазір ойласақ, негізі еш қиындығы болмаған. Біз өзіміз “Үй алу, ақша жинау қиын” деп күрделендіріп алған екенбіз. Ай сайынғы табысымызды, шығынымызды есептегенде депозит шотына ақша салуды үнемі соңғы орынға қойған екенбіз. Содан, әрине, ақша жетпейтіндей көрінетін. Бір қызығы, күтпеген жерден той-томалақ болса, біреуге көрімдік беру керек болса, оған ақша табамыз да, депозитке жетпей қалатын. Содан біз ақшаны дұрыс бөліп, жаратпай жатқанымызды түсіндік. Бұл - біздің жіберген бірінші қатеміз.
Армандар дәптеріме “баспаналы болғым келеді” деп жазатынмын
Ұлымды босанған соң, үйде отырып жұмыс істеп, күйеуімнің бір жағына шығып, ақша таптым. Отбасылық табысымыз әлдеқайда артты, бірақ әлі де ақшаны тұрақты жинай алмадық. Армандар дәптеріме де “баспаналы болғым келеді” деп жазатынмын. Бірақ армандарым жазылған тізімімді жаңартқан сайын, “баспаналы боламыз” деген арманымды қайта-қайта жаза беріп, көңілім түсетін. Оның үстіне, Instagram арқылы өзгелердің өмірін, контентін көріп, солар сияқты жақсы өмір сүргің келеді, әдемі пәтеріңнің болғанын қалайсың, өз үйімізге әдемі жиһаз алғың келеді. Жалдамалы пәтерге артық зат ала алмайсың, алғың да келмейді.
Осы кезде біз екінші қатемізді түсіндік. Біз мақсатымызды жүйелеп, оны нақтыламаған екенбіз. Содан жолдасым екеуіміз ақылдастық. Оның табысын балабақша, азық-түлік, киім-кешек, пәтер ақысы сияқты күнделікті күнкөрісімізге, ал менің табысымды жеке қажетіме және көп бөлігін депозит шотына саламыз деп келістік. Міне, осыдан кейін ақшаны тұрақты түрде жинауды үйрендік. Миымызда мақсатымыз жүйеленген соң, әрекетіміз де өнімді бола түсті. Яғни еңбек етіп, ақшаны дұрыс бөліп, бәріне жеткіздік.
Енжарлықты қойып, тәртіппен ақша жинадық
Ақша жинап, “баспаналы боламыз” деп жүргенімізде ата-енем де үй салып жатқан еді. Әрине, оларға азын-аулақ қаржы беріп, көмектестік. Дегенмен “құтқарушы” образына кіріп алмай, енжарлыққа салынбай, өзімізді бірінші орынға қойдық. Өйтпесек, өзімізде капитал болмайтынын түсіндік. Себебі біздің де алдымызда үлкен мақсатымыз тұр. Оның үстіне, пәтерлер де жылдан-жылға қымбаттап жатыр. Меніңше, қаржыға қатысты белгілі бір тәртіп болмаса, берекелі болмайды. Шынымен де, осының бәрін қолға алған соң, қаражатымыз жинала бастады. Оның еселенгенін көрген сайын қуанышымыз қойнымызға симайтын.
Жолдасым баспана алудың тиімді жолын іздеп, зерттеп отыратын
Біздің ақша жинап, нәтижесінде баспаналы болуымызға көмектескен тәсілдің бірі - күйеуім екеуіміздің өз қабілетімізді тиімді қолдана білгенімізде. Бағана айтқанымдай, мен күйеуіммен салыстырғанда ақшаға ұқыптымын, жақсы жинаймын. Ал жолдасым депозит, ипотека бағдарламалары, тұрғын үй кешендері туралы жақсырақ біледі. Ол осы тақырыптарды үнемі зерттеп отыратын. Депозитіміздің бағалау көрсеткішін де қарап, қаншалық өсіп жатқанын қадағалап отырды. Сөйтіп екеуіміз міндетімізді бөлісіп алдық, бірақ бәрін жеңіл, еркін, бір-бірімізге міндет етпей істедік. Соның арқасында баспаналы болдық.
Сәбиіміз өз үйімізде дүниеге келеді
“Бірінші баламыз дүниеге келгенше үй алуды жоспарламаппыз, сол жағынын кішкене өкініш бар. Бірақ екінші рет балалы болмай тұрып “негізгі қажетімізді өтеуіміз керек” деп миыма сигнал жібердім. Бір ғажабы, көктемде, шамамен сәуірде “Наурыз” бағдарламасына құжаттарымызды тапсырып қойдық. Балам 3 жасқа толғаннан кейін бір айдан соң жүкті екенімді білдім. Тағы екі күн өткен соң, “Наурыз” бағдарламасының жауабы шығып, ол арқылы пәтер ала алатынымызды естідік. Таңғалдым әрі қуанышымда шек болмады. Сол кезде адам шынымен ниеттенсе, дұға етсе және сол арман-мақсатын іске асыру үшін әрекет етсе, бәріне жетуге болатынын ұқтым. Бұйырса, екінші сәбиіміз өз үйімізде дүниеге келеді.
Екі жарым жылда 4 миллион теңге жинадық
Біз екі жарым-үш жылда төрт жарым миллион теңге жинадық. “Наурыз” бағдарламасы 30 миллион теңгеге дейін ипотека алуға мүмкіндік береді екен. Шымкенттен шамамен 25 миллион теңгеге екі бөлмелі пәтер алуға мүмкіндігіміз болды. Дегенмен мен екінші баламды босансам, декрет демалысына шығамын. Бала күтімімен айналысып, жұмыс істей алмаймын. Отбасымызға тағы бір адам қосылады. Жолдасым ғана жұмыс істейтін болғандықтан, алдағы уақытты ойлай келе, әзірге бір бөлмелі пәтер алсақ та жаман емес деп шештік. Сөйтіп 15 миллион теңгеге Шымкенттің “Тұран” деген ауданынан өте сапалы тұрғын үй кешенінен бір бөлмелі пәтер алдық. Алғашқы жарна ретінде 20%-ын, яғни 3 миллион теңге салдық. Ипотеканы 15 жылға рәсімдедік, айына 150 мың теңге төлейміз. Бұл сома қалтамызға ауыр салмақ түсірмейді. Бұйырса, болашақта бұдан да кең үй ала аламыз деп ойлаймыз. Жинаған ақшамыздан бір жарым миллион теңгедей қаржы қалды. Оны болашақта ипотеканың бір бөлігін уақытынан бұрын жауып, қарызымызды азайтуға болады екен.
Жас отбасыларға айтарым, ерте кезден-ақ баспаналы болуға болады. Ол үшін әуелі ерлі-зайыптының екеуі де баспана алуды шын ниетімен қалауы қажет. Екіншіден, екеуі бірлесіп әрекет етуі керек. Бірге ақылдасып, бірге ақша жинап, бірге таңдағаны жөн. Сонда кез келген арманды орындауға болады. Біздің оқиғамыз пәтер сатып алғанымыз туралы ғана емес. Бұл бірге жұмыс істеп, жоспар құра алғанымыздың жемісі. Біздің арманымызға жету жолындағы әр қадамымыз жас отбасы баспаналы болуы үшін тек қаржы ресурсына ие болып қоймай, табанды, сабырлы болып, нақты әрі сенімді әрекет етіп, бір-бірін қолдау керек екенін көрсетеді. Өзімізге қарап-ақ, кез келген жас отбасы өз шаңырағына ие бола алатынына сенімдімін.