"Екінші республиканы құрамыз": Ерлан Қарин Тоқаев қолданған жаңа ұғымның мағынасын түсіндірді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтау кезінде "Екінші республика" ұғымы туралы айтты. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин "Екінші республика" терминінің мағынасын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Президент алматылықтарды Наурыз мейрамымен құттықтай отырып, өз сөзінде "Екінші республика" деген жаңа анықтаманы қолданды. Осыған байланысты кейбір сарапшылар тарапынан бұл ұғым нені меңзеп тұрғаны және оның бұрын жарияланған "Жаңа Қазақстан" тұжырымдамасына қаншалықты қатысы бар деген сұрақ туындауда.
Шын мәнінде, бұл екі идеологеманың мәні бір, тек айтылу барысындағы екпінімен ғана ерекшеленеді", – деп жазды Қарин өзінің Telegram-каналында. Оның айтуынша, Жаңа Қазақстан – жалпы еліміздің болашағының бейнесі.
"Әңгіме ең алдымен қоғамдық құндылықтарды жаңарту және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру қажеттілігі туралы болып отыр. Тиісінше, бұл қаңтар оқиғаларынан кейін немесе Жолдаудан кейін біз автоматты түрде жаңа Қазақстанда өмір сүре бастадық дегенді білдірмейді. "Жаңа Қазақстан" концепциясын алға тарта отырып, ел басшысы таяу болашақта мемлекет құрудың жаңа мақсатын белгіледі.Жаңа Қазақстанды бір сәтте, бір күнде құру мүмкін емес. Бұл қоғамдық қайта құрудың терең және ұзақ процесі", – деді ол.
Мемлекеттік хатшы президент Жолдауында саяси реформалардың жаңа басымдықтарын жариялағаннан кейін, билік институттары арасында түбегейлі жаңа конституциялық тепе-теңдікті қалыптастыру туралы сөз болып отырғаны көпшілікке түсінікті болғанын атап өтті.
"Біріншіден, бұл оның суперпрезиденттік басқару түрінен күшті парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу жөніндегі бастамасына қатысты. Мемлекет басшысының ағымдағы Жолдауын іске асыру шеңберінде Конституцияның 30-дан астам бабында және 20 заңда өзгерістер көзделуде. Бұл өте ауқымды реформалар жоспары. Азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға баса назар аударылды" – деді Қарин.
Мемлекеттік хатшы емлекеттік басқару моделінің өзгеруінің басталуы туралы ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік және қоғамдық даму парадигмасының өзгеруі туралы да айтуға болатынын атап өтті.
"Екінші Республика қазірдің өзінде өте айқын және нақты мақсат, өйткені мемлекет басшысы алға қойған саяси реформаларды жүзеге асыру биылғы жылға жоспарланған. Басқаша айтқанда, Жаңа Қазақстан – қоғам мен ұлттың жаңғыруы, ал Екінші республика – мемлекеттік үлгінің жаңаруы", – деді өз сөзінде мемлекеттік хатшы.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
