Екібастұзда тізесі ауырған ер адам екпе алғаннан кейін көз жұмды: Министрлік бұдан кейін медициналық тексеріс бастады

Фото: Жеңістің жақындары ұсынған/ tengrinews.kz
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Екібастұзда 40 жастағы ер адамның өлімінен кейін медициналық тексеріс бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
40 жастағы қазақстандық Жеңіс Бекжігітов тізесіне жасалған екпеден кейін төртінші күні қайтыс болған. Марқұмның туыстары оның өліміне дәрігерлерді кінәлайды.
Белгілі болғандай, ол 8 қыркүйекте Екібастұздағы жеке хирургиялық орталыққа барған. УЗИ жасағаннан кейін оған оң тізе буынының остеоартриті деген диагноз қойылып, буын ішіне инъекция жасау тағайындалған.
10 қыркүйекте оған укол салынды. Келесі күні таңертең аяғы ісініп, қатты ауырған. Кейін жағдайы одан әрі нашарлаған. Туыстарының айтуынша, дене қызуы көтеріліп, есінен танып қалған сәттері болған, қан қысымы түсіп кеткен.
Туыстарының айтуынша, жедел жәрдем бригадасы оны ауруханаға жатқызудан бас тартқан. 13 қыркүйекте жақындары оны өздері клиникаға апарған. Сол күні кешке клиниканың бас дәрігері қоңырау шалып, медициналық орталықта ӨЖЖ (ИВЛ) аппараты жоқ екенін, сондықтан ер адамды Екібастұз қалалық ауруханасының жан сақтау бөліміне ауыстырып жатқанын айтқан. Келесі күні ер адам көз жұмды.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Екібастұздың бірқатар медициналық мекемелерін тексеруді қолға алды.
"Павлодар облысы бойынша департамент Екібастұз қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімінің қаулысына сәйкес, тәуелсіз мамандарды (терапевт, анестезиолог-реаниматолог, травматолог) тарта отырып, пациенттің жүрген маршруты бойынша медициналық ұйымдарға тексеріс жүргізіп жатыр", – делінген хабарламада.
Егер тексеріс барысында заңбұзушылықтар анықталса, материалдар құқықтық баға беру және процессуалдық шешім қабылдау үшін полицияның тергеу бөліміне жіберіледі.
"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр