Екібастұзда маскүнем ата-ана 10 жастағы ұлдарының үйден көшіп кеткенін байқамаған
Екібастұзда маскүнем ата-ана 10 жастағы ұлдарының біршама уақыт бойы үйге келмей жүргенін байқамаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Екібастұздағы үйлердің бірінің тұрғындары полицияға көршілерінің 10 жастағы ұлының көзінше жиі ішімдік ішетінін, баланың үнемі қараусыз қалатынын айтып шағымданған.
Арыз бойынша келген полиция қызметкерлері ерлі-зайыптылардың мас күйінде екенін, ал баланың үйде жоқ екенін анықтаған. Ата-анасы баланың қайда екенін түсіндіре алмаған. Полицейлер баланың қайда екенін өздері анықтады. 10 жастағы бала ата-анасының үнемі ішімдік ішетінінен шаршап, әжесінің үйінде тұрып жүрген көрінеді.
Оқиғадан кейін ата-ана полиция мен наркологиялық диспансерде есепке тұрғызылды.
"Ұлдарын дұрыс тәрбиелемегені және алкогольдік ішімдіктерді асыра пайдаланғаны үшін екі ата-ана да жауапқа тартылды. Іс сотта қаралып, әрбір ата-анаға 7 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды", – делінген Павлодар облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия ата-аналарға сынақ мерзімін тағайындады. Бір айдың ішінде олар ішімдік ішуді тоқтатып, ұлдарын тәрбиелеуге кірісуі керек.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облысында 10 жасар қыз маскүнем әжесімен бірге тұрып, үйілген қоқыс арасында ұйықтап жүргені туралы жазған едік.