"Екі жылдан бері азық-түліктің өз бағасына сатылғанын көрмедік": Қарағанды облысында 9 миллиард теңгеге салынған хаб бос тұр
Қарағанды облысында мемлекеттің қолдауымен салынған Орталық Азиядағы ірі сауда-логистикалық орталығы бос тұр. Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен халыққа арзан бағамен азық-түлік сататын орталық іске қосылған. Жергілікті әкімдік жоба үшін тегін, кезексіз 85 гектар жер беріп, тіпті бюджет қаржысынан жүздеген миллиондарға инфрақұрылымын да салып берген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Орталық Азиядағы көтерме бағамен сауда логистикалық орталығын 8,5 млрд теңгеге субсидия құйылған. Сол кезде әлеуметтік маңызы бар тауарларды арзан бағамен аламыз деп қуанған тұрғындар хаб ашылған күннен кейін не қоймадан, не ондағы сөрелерден тауарларды көрмедік дейді. Ал бұл жобаға қолдау көрсеткен шенеуніктер оның неге әу бастағы мақсатына жетпегенін өздері де білмейді.
"Соңғы екі жылда контейнерлердің келгенін, өз бағасына беріліп, жеміс-жидек сатылып жатқанын көрген жоқпыз. Бұл Орта Азиядағы ірі логисталық орталық деп айтылғаннан кейін Қарағанды облысының барлық фермерлері осы жерде өз өнімін сатып жүруі керек қой. Дегенмен халық әлі күнге дейін "Арай" базарына апарып сатады", – дейді Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Ләззат Қожахметова.
Үкіметтен қолдау алған жоба көршілес елдерден делдалсыз, арзан бағамен азық-түлік пен басқа да қажетті тауарларға қойманы толтырып, сатуы тиіс болған. Екі жыл бұрын логистикалық орталыққа үкімет "Даму қоры" арқылы субсидиядан бөлек, 85 гектар жерді тегін берген. Бұдан бөлек әкімдік бюджет есебінен 9 миллион теңгеге жуық қаржыға кәріз құбырын тартқан. Тағы 300 миллион теңгеден астам қазына қаржысына жол жүргізілген.
"Осы әлеуметтік маңызы бар тауарлар сататын мына үлкен павильонның ішіндегі сөрелердің бәрін көріп тұрсыздар, түгел бос. Яғни бұл орталық өзінің бастапқы салынғандағы міндетін орындамай отырғанына елдің көзі жетіп отыр. Тіпті орталықтың бағалары басқа сауда орындарынан, базарлардан қымбат", – деді Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Ниқанбай Омархан.
Ал Логистикалық орталықты іске қосу үшін әу бастан барлық жағдайды жасаған шенеуніктер жобаға бюджет тарапынан қаржы құйылса да, кәсіпкер оны қалай жүзеге асырса да өз еркі деп отыр.
"Бұл хаб – коммерциялық жоба. Бизнестің жол картасы бағдарласымен жасалды. Қазір коммерциялық жоба ретінде іске асырып жатыр. Кәсіпкерлер халық үшін жәрмеңке өткізуге міндетті емес. Бизнесін қалай іске асырса да өзі біледі", - деп мәлімдеді Қарағанды облысы кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Абылаева.
Қоғамдық кеңес мүшелері орталық басшысы Анвар Осин мәжіліс депутаты Шамиль Осиннің інісі дейді. Бірақ жобаның не себепті мақсатын орындамағанына жауап беруден жалтарған Осин мырза өзінің қызметкерін жіберген. Алайда маман сұхбат беруден бас тартты.