Екі түрлі шұлық киген Мәсімов жұрттың күлкісіне қалды (фото)
Кеше елордада билік өкілдерінің қатысуымен «Астана-Дуатлон-2016» жарысының өткені белгілі. ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов бастаған “элита” қатарында президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ұлттық банк төрағасы Болат Жәмішев және велоспорттан Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтар болды.
Бұл туралы Skifnews.kz cайты жазды.
Жарыстың нәтижесі қоғамда сөз болған жоқ, жұрттың талқылағаны осы “элита” өкілдерінің киімдері болды. Әсіресе, әлеуметтік желі пайдаланушыларын Кәрім Мәсімовтің екі түрлі шұлық кигені күлкіге қарық қылды. Ал, оның спорттық жейдесін көрген жұрт “Мәсімов шаңғышы болып кеткен бе?” деп әзілдеп жатты. Сондай-ақ, премьер-министр мен мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатар тұрып түскен суретін көргендер француздар түсірген “Астерикс және Обеликс” фильмін есіне алып жатты.
Ал, шындығына келгенде, Мәсімовтің киген киімі де, мінген велосипеді де арзан дүние емес екені көзге оттай басылды. Оның екі түрлі шұлығы расында білместіктен емес, қазіргі жастар арасында, әсіресе футболшылар арасында “мода” екенін айта кету керек.
Жарыстың қорытындысына келер болсақ, ерлер арасында 29 жастағы Евгений Непомнящний және әйелдер арасында 16 жастағы Жанерке Асан абсолютті чемпион атанды. Олар сәйкесінше, 56,10 минут және 1 сағат 13,21 минутта мәреге жетті. Аталған қатысушылар 16-30 жас аралығындағы жеңімпаздар. Яков Козлов (1 сағ 1 минут) және Елена Пономарева (1 сағ 22 минут) 31-40 жас санатында жүгіруде топ жарды. 41-50 жас санатында Игорь Карачев (59,43 минут) және Татьяна Михалева (1 сағ 24 минут) көш бастады. 50 жастан асқандар арасында қалада өткізілетін барлық спорттық-бұқаралық шараларға тұрақты түрде қатысып жүрген Болат Жәмішев үздік болды, ол қашықтықты 1 сағ 9 минутта бағындырды деп жазады Astana.kz.