"Екі рет сөйлесіп, үйлендік": Танымал имам әйелімен қалай танысқанын айтты
Желі жұлдызына айналған имам Нұрлан Байжігітұлы Tukystan.kz сайтына берген сұхбатында әйелімен қалай танысқанын баяндап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сұхбаттан кадр
“Жолдасыңыз туралы да білгіміз келеді. Ол кісі де дін жолында ма?” деген сұраққа имам: “Балаларымның анасын марқұм енем арқылы танып-білдім. Ол кісі мешіт жамағаты болатын. Анасына еріп, мешіттегі Құран сабағына қатысатын. Екі рет сөйлестік. Қазақы дәстүрмен құда түсіп, үйлендім.
Марқұм атам да, енем де жақсы адамдар еді. Күйеу баласы болсам да, кеткенше маған "Сіз" деп өтті. Мені өз балаларынан кем тұтпады, тіпті олардан бетер жақсы көрді десем, артық емес. Шамам келгенше, уақытым жеткенше қызметтерінде болдым. Үнемі дұғаларына қосып жүретін. Өмірден озарында атам мен енем батасын беріп, ризалығын білдірді. Жұбайым – намаздағы адам, мектепке дейінгі балалар педагогикасы мамандығын тәмамдаған. Қазір үйде балаларымның тәрбиесімен айналысады”, – деп жауап берді.
Нұрлан имам тойларға сирек баратынын айтып қалды.
“Біз отыз жыл бойы өзімізді өзіміз "тойшыл халықпыз" деп көтеріп келдік. Тойшылдығымызды, тіпті пандемия да тоқтата алмады. Одан басқа, асабалардың арсыз ойындары мен биі, ашық-шашық көріністер ше? Ес жиғандардың адал тойын арам етіп, шәйнекпен "шәй ішетін" қазақтар әлі бар. Әкемізден қалған ас емес, бірақ неге соған осынша құмар ел болдық екен? Өз басым бес жылда бір тойға баратын шығармын. Оның өзінде таза, сенімді, күндізгі қазақы тойларға ғана. Арақ-шарабы бар тойларға мені шақырмайды да, шақырса да бармайтынымды біледі”, – дейді дінтанушы.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
