Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі күн бойы аурухана қабылдамаған": Қарағанды облысында 4 жасар бала көз жұмды

Қарағанды облысында жансақтау бөлімінде қайтыс болған 4 жасар баланың өліміне анасы дәрігерлерді кінәлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Себебі ауырып барған баланы Топар кентінің ауруханасы екі күн бойы қабылдамаған. Тіпті кішкентай науқасты ешкім қарамай қойған. Екінші күні бала әбден қалжырағанда ғана жансақтау бөліміне жатқызыпты. Бірақ бәрі кеш болған. Қара жамылған ана ақ халаттылардың салғырттығынан баламнан айырылдым деп заржылауда. Сондықтан полицияға арызданып, оқиғаның мән-жайын медициналық қызмет сапасын бақылау департаменті зерттеп жатыр.

Абай ауданы Южный ауылының тұрғыны Диана Жұмабекова шілденің 12 сі күні 4 жастағы ұлы Аланмен шомылуға барыпты. Үйге келгенде баланың қызу көтеріле бастаған. Ертеңінде үйге шақырылған мейірбике қызуды түсіретін дәрі салған. Бірақ науқастың беті бері қарамай, Диана түнде жедел жәрдем шақырады. Алайда Топар кентінің ауруханасы 25 шақырым жер алыс деп жедел жәрдем жібермепті. Түнімен дөңбекшіп шыққан баланы, таңертең анасы таксимен ауруханаға өзі әкелген.

“Келіп қабылдауды күттік. Дәрігерлер айналып жүрді де қойды. Біреуі де келіп қарамады. Кезекшілері де келмеді. Неше сағат отырғанымды білмеймін. Ауруханада бейнекамералар бар, содан көруге болады. Бала қатты қиналып кетті. Ақыры көмек болмаған соң Топардағы анамның үйіне барып жаттық. Бірақ баланың ағдайы нашарлай берді”, – дейді баланың анасы Диана Жұмабекова.

Диана екінші күні әлі кеткен Аланды көтеріп ауруханаға тағы келген. Сонда да дәрігерлер қолын қимылдатпады дейді қара жамылған ана. 25 шақырым жерден өз күштерімен ат сабылта келіп, ем ала алмаған Топардағы аурухана осы. Қаралы ананың айтуынша дәрігерлер тіпті баланың температурасын да өлшемепті. Тек әбден қалжырап талықсыған баланың өліміне бірер сағат қалғанда ғана мұндағы ақ халаттылар қимылдаған болған. 

“Бізді жансақтау бөліміне бірден жатқызған жоқ. Алдымен қабылдау бөлмесіне кіргізіп, бақандай екі сағат ұстады. Баланың қиналып жатқанын көріп тұр сонда. Сағат түнгі бір жарымда ғана жансақтау бөліміне кіргізді. Сағат үште өлді деді”, – дейді баланың анасы Диана Жұмабекова.

Айта кететіні бала өлімін ауруханадағылар полицияға хабарламаған екен. Арыз жазу үшін Диананың өзі полиция шақыртқан. Қазір бала өліміне әкелген сол күннің хронологиясын арнайы комиссия тексеретін болады. Алдын ала болжам бойынша баланың өкпесі қабынған.

“Комиссия құрамына тәуелсіз сарапшылар тартылады. Сот медициналық сараптамасы жүргізілуде. Онда өлімнің себептерін дәлірек анықтау үшін қажетті сынақтар алынды. Департамент пациенттің бағыты бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізеді”, – деді Қарағанды облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бас маманы Ардақ Бейісова.

Екі аптадан соң комиссия жұмысының нәтижесі полиция департаментіне тапсырылады. Қара жамылған отбасы салғырт дәрігерлер қатаң жазалануы тиіс дейді.

Талқылау