"Екі аурухананың ортасында 5 сағат жүргізіп қойды": Атыраулық келіншек 10 айлық сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр
Атырауда әйел қызуы көтеріліген 10 айлық баласын жұқпалы аурулар ауруханасына апарған. Алайда келіншектің айтуынша, дәрігерлер салғырттық танытып, әлсіреген бала мен әйелді екі аурухананың арасында жүргізіп қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақ Жайық” порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин/2GIS
Әлеуметтік желіде сәбиінен айырылған әйелдің видеосы тарады. Бейнежазбада ол баласының өліміне ақ халаттыларды кінәлайды. Оның айтуынша, баланың қызуы көтеріліп, келесі күні, 6 желтоқсанда ол сәбиін жұқпалы аурулар ауруханасына апарған.
“Түнде қызуы көтерілді. Жедел жәрдем шақырттым, келмеді. Ертесі күні түскі уақытта баламды жұқпалы аурулар ауруханасына таксимен апардым. Кезекте тұрғызып, күттіріп қойды. Сол кезде нәрестенің дене температурасы 38,9 болды. Дәрігер мейіргерге баланың дене қызуын тексертті. Баланың ішін ұстап “Іші кепкен. Тісі шығып келе жатқандықтан қызуы бар” деді. Дұрыстап тексерген жоқ”, – дейді сәбиінен айырылған ана.
Сөйтіп ол дәрігер ана мен баланы облыстық ауруханаға жіберген. Айтуынша, облыстық ауруханаға жібергенде жедел жәрдем бермеген.
“Облыстық ауруханаға барғанда дәрігер баланың өкпесін, ішегін тексеріп бәрі таза деді. Содан дәрігер ауысымы бітетінін айтып, маған тездет деді. Балам қолымда әлсіреп тұрды. Одан қолынан қан алды. Сөйтсем дәрігер ауысымын аяқтап, басқа дәрігерге тапсырып кеткен. Ол “баланың жағдайы ауыр, жұқпалы аурулар ауханасына апарыңыз” деп мені қайта жіберді. Маған ешкім жедел жәрдем шақырып бермеді”, – дейді әйел.
Ол баласын алып қайта ауруханаға барған. Сондағы дәрігерлерден көмек сұрағанда олар процедуралар өткізген. Алайда олардың балаға қандай ем жасағанынан анасының хабары жоқ.
“Дәрігер маған балаңды өзің ауыр жағдайда алып келгенсің деді. Олар мені екі ортада 5 сағат жүргізіп қойды. Алғашқы көмек көрсетпеді”, – дейді ашынған ана.
Баланың анасы салғырттық танытқан дәрігерлердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
Алайда дәрігерлер ананың өзі баланы ауруханаға жатудан бас тартқанын айтады.
“12.06.2024 жылы сағат 14:51-де №2 облыстық аурухананың қабылдау бөліміне әйел баласының қызуы көтеріліп, құсып жатқанын айтып, шағымданды. Баланы қабылдау бөлімшесінің кезекші дәрігері тексеріп, вирустық ішек инфекциясы, іш кебу деген алдын ала диагноз қойды. Стационарлық ем ұсынылды. Алайда баланың анасы ауруханаға жатудан бас тартып, тиісті қолхат жазды”, – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Ведомствоның мәліметінше, сол күні сағат 16:04-те ана мен бала облыстық балалар ауруханасының жедел жәрдем бөліміне барған. Нәрестені хирург пен педиатр тексерген. Сондай-ақ диагнозды нақтылау үшін кеуде қуысының рентгенографиясы және іш қуысы мүшелерінің УДЗ жасалған. Тексеруден кейін бала №2 Атырау облыстық ауруханасына стационарлық емдеуге жіберілді.
“№2 аудандық ауруханаға жеткенде сағат 18:10-да бала ауыр жағдайда болды. Жедел жәрдем бөлімінде кезекші дәрігер дереу реаниматологты шақырып, жансақтау бөлімінде балаға реанимациялық көмек көрсетілді. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері баланың ауыр жағдайда екенін көрсетті. Жансақтау бөлімінде қарқынды терапия және реанимациялық шаралар жүргізілді. Алайда бала 7 желтоқсан күні сағат 00:20-да қайтыс болды", – делінген хабарламада.
Болған жағдайдан кейін Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы ішкі аудит жүргізу үшін комиссия құрды. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады. Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы баланың отбасына қайғыра көңіл айтты.
"Аяғыма оқ тиіп, кестіруге мәжбүр болдым": Сынаққа сынбаған Паралимпиада чепионы Ербол Хамитов жайлы не білеміз?