Эгей теңізінен қауіп төніп тұр: Түркия жер сілкінісі мен цунамиге дайындалып жатыр
Түркия Эгей теңізі Санторини аралындағы сейсмикалық белсенділікке байланысты ықтимал жер сілкінісі мен цунамиге дайындықты бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Түркияның Төтенше жағдайларды басқару басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: REUTERS
Түркияның Төтенше жағдайларды басқару басқармасының мәліметінше, қазірдің өзінде магнитудасы 3-тен асатын 761 жер сілкінісі тіркелген. Жер сілкінісінің ошақтары Санториниден 25 шақырым жерде орналасқан.
Ал жер сілкінісінің тереңдігі 25 шақырымға жетеді. Жанартау атқылауы жағдайды одан әрі қауіпті етуі мүмкін.
Түркия тұрғындарға ықтимал қауіп туралы ескерту үшін Измир, Айдын және Мугла провинцияларына мобильді сирена жүйелерін орналастырды.
Фото: Х/tarafsizresmi
Еске салайық, 2023 жылы 6 ақпанда Түркияда магнитудасы 7,7 балдық жойқын жер сілкінісі болды. Эпицентрі Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында болған зілзала ошағы 7 шақырым тереңдікте болған. Жер сілкіну салдарынан Хатай, Газиантеп, Килис, Османие, Малатья, Адыяман, Шанлыурфа, Диярбекир, Адана және Кахраманмараш провинцияларында көптеген ғимарат қирады.