Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Эдмонтон" Стэнли кубогы финалындағы алғашқы ойында "Флоридадан" жеңісті жұлып алды

Фото: Reuters

2025 жылғы Стэнли кубогының финалдық сериясындағы драмаға толы алғашқы ойында "Эдмонтон Ойлерз" командасы "Флорида Пантерзді" овертаймда 4:3 есебімен ұтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кездесудің басты қаһарманы Леон Драйзайтль болды. Ол дубль жасап, оның ішінде жеңіс шайбасын қосымша уақыттың аяқталуына 31 секунд қалғанда соқты.

Ойынның басында Драйзайтль есеп ашты. Алайда "Флорида" үш шайба салып жауап берді: Сэм Беннетт дубль жасады, ал Брэд Маршан бір рет көзге түсті. Нәтижесінде екінші кезеңнің басында "Пантерз" 3:1 есебімен алда болды.

Алайда "Ойлерз" есепті теңестіре алды. Виктор Арвидссон есепті қысқартты, ал Маттиас Экхольм үшінші кезеңде таразы басын теңестірді.

Овертаймда шешуші сәт — Томаш Носектің ережені бұзуы (ойынды кідірту) болды. Осы мүмкіндікті пайдаланған Драйзайтль көпшілікте шайба соғып, командасына жеңіс сыйлады. Бұл — оның плей-оффтағы үшінші овертаймдағы жеңіс шайбасы. Оның бұл әрекеті НХЛ тарихындағы рекордты қайталау болып отыр.

Сонымен қатар, Коннор Макдэвид пен Каспери Капанен әрқайсысы екі нәтижелі паспен көзге түсті. Айта кетейік, бұл ойында қақпашы Стюарт Скиннер 29 соққыны қайтарды.

Еске салайық, сериядағы келесі ойын жұма күні Эдмонтонда өтеді.

Абылайхан Палмағанбет
Бейсенбі, 05 Маусым, 2025 14:20
Талқылау