Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Біз біргеміз: Джеки Чан қазақстандықтарға үндеу жолдады

Қытайлық актер Джеки Чан қазақстандықтарға үндеу жолдады. Оның сөздерін инстаграмдағы парақшасында президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қарин Джеки Чанның коронавирус жұқтырғаны туралы қауесет пайда болғаннан кейін, қазақстандықтардың соған байланысты алаңдағанын айтқан.

"Кейбір журналистер мен қарапайым қазақстандықтар оған тезірек сауығып кетуді тіледі. Осының бәрін мен Джекидің командасына айттым. Бұл жаңалықтар жалған болды. Бірақ Джеки Чан қазақстандықтардың денсаулығына алаңдаушылық білдіргеніне дән риза. Жақында біздің ортақ достарымыз менімен байланысқа шығып, Джеки қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан қазақстандықтарға қолдау көрсеткісі келетінін айтты және бүгін таңертең осындай видео хабарламасын жіберді", - деп жазды Ерлан Қарин.

 

"Апаттар өте қатал, бірақ адамдардың жүрегіндегі сүйіспеншілігіне қарсы олар әлсіз. Біз бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Жаңа вирусқа қарсы соғыста жеңіске жетуіміз керек. Мықты бол, Қытай! Мықты бол, Қазақстан! Біз біргеміз! Бекем болыңыздар!", - деді актер.

Естеріңізге сала кетейік, Джеки Чанның COVID-19 жұқтырғаны туралы сыбыстар ақпан айында пайда болған. Қытайдың бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары актердің коронавируспен ауыратын науқастар болған тойдан кейін ауруханаға түскені туралы хабарлады.

Кейін актер оған алаңдайтындардың барлығына алғысын білдіріп, оның денсаулығы мықты екенін айтты.

"Сіз де қауіпсіз жерде және денсаулығыңыз жақсы деп сенемін", - деп жазды ол инстаграмда.

Талқылау