Дубайда шейхтардың кешіне барған модель Мария Ковальчуктың ісіне қатысты жаңа мәліметтер пайда болды
Дубайда мүгедек болып қалған украиналық модель Мария Ковальчуктың ісіне қатысты жаңа мәліметтер пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі SHOT басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: SHOT телеграм арнасы
SHOT басылымындағы деректерге сенсек, модельдің таныстары қызды жоғалып кетер алдында көрген. Сол кезде қыз тұрақсыз эмоционалды жағдайда болған. Яғни түсініксіз байбаламға салынған. Басқа нұсқа бойынша бұл бірнеше күнге созылған үздіксіз кештердің әсерінен болуы мүмкін. Жергілікті полиция модельдің құрылыс алаңында биіктен құлап кетуі мүмкін екенін болжап отыр.
"Дубай полициясы бұған дейін жоғалып кеткен деп есептелген Украина азаматшасының қазіргі уақытта ауруханаға жатқызылғанын және отбасының қатысуымен медициналық көмек алып жатқанын растады. Тергеу нәтижесінде оның шектеулі қолжетімділігі бар құрылыс алаңына жалғыз кіріп, биіктіктен құлап, ауыр жарақат алғаны анықталды", – деп хабарлады Дубай полициясы.
Алайда қыздың анасы полицияның бұл қорытындысын жалған деп атады. Модель Мария Ковальчуктың туыстары оның биіктен құлап, қол-аяғы мен омыртқасын сындырды деген Дубай полициясының қорытындысын жалған ақпарат деп атады.
SHOT басылымына берген сұхбатында модельдің анасы қызының ісі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын айтты. Анасы 20 жастағы модель қызының әлі де ауыр халде ауруханада жатқанын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Ковальчук "Порто-Пати" деп аталатын VIP кештерінің қатысушысы болуы мүмкін деген болжам айтылған еді. Мұндай кештерде азғындық пен зорлық-зомбылық жиі болады. Жақындары оны әдейі осындай кешке шақырған болуы мүмкін деп санайды. Модель мұндай іс-шараға қатысқаны үшін ондаған мың доллар табыс табуы мүмкін екені де айтылды.
19 наурыз, сәрсенбі күні, 20 жастағы украиналық модель Мария Ковальчук, туыстарымен бір аптадан астам уақыт байланысқа шықпағаннан кейін, Дубайдағы клиникалардың бірінде жансақтау бөлімінен табылды. БАҚ мәліметтері бойынша, жоғаларынан бір күн бұрын ол модельдік индустрияға қатысы бар деген белгісіз екі ер адаммен бірге кешке барған. Кейін ол көшеде аяқ-қолы мен омыртқасы сынған күйде табылды.