Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысының тұрғындары президенттен "Қазақстан темір жолы" компаниясында тексеріс жүргізуді сұрады

Алматы облысы Алакөл ауданынындағы “Достық” бекетінің халқы президент кеден бекеттерін ғана емес, “Қазақстан Темір Жолы” компаниясына үлкен тексеру жұмыстарын жүргізсе екен дейді. Тұрғындар 30 жылдан астам тұрып жатқан үйлерімізді "Қазақстан темір жолы" акционерлік қоғамы не жекеге бермейтінін, не өздері жөндеу жүргізбейтінін айтады. Ал "Қазақстан темір жолы" АҚ-дағылар баспананың жалға берілгенін, бір бөлме үшін бар-жоғы мың теңге төлем алынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

тұрғындар

Достық ауылының тұрғындары "Қазақстан темір жолы" балансындағы үйде отыз жылға жуық тұрып келеді. Бірақ баспаналарға компания ешқандай жөндеу жүргізбеген дейді олар. 

"Барлық коммуналдық қызметті біз төлеп отырамыз. Сонда неге бұл уақытқа дейін жөндеу жұмыстары жасалмайды. Тым болмаса өздері жасай алмаса да бізге сол материалды берсе, біз өзіміз жасап алар едік", – дейді Достық ауылының тұрғыны Қабынұр Мағлұмов.

Дауға айналған баспаналардың көбі жекешелендіру басталған жылдары-ақ тұрғындардың атына өтіп кеткен екен. Сондықтан көпшілік қазір үйлердің жартысын жекеге ауыстыруда қандай қиындық бар екенін түсінбей дал. 


"Талап орындалмағалы 10 жыл болды": "Қазақстан темір жолы" компаниясының жұмысшылары бас көтерді


"2017 жылдан жекешелендіруге басталған кезден бастап осы күнге дейін 101 пәтер жекешендіруге өтті. Неге бұл пәтерлердің жартысын беріп, жартысын бермей отыр. Осы жерде қазір үй алмаған адамдар да сол тоқсаныншы жылдан бері еңбек етіп келеді. Сондықтан осы пәтерлерді, жер үйлердің барлығын жекеменшікке беруді талап етемін", - деп қосты ауыл тұрғыны Райхан Оспанова.

Ал "Қазақстан темір жолы" компаниясындағылар бекетте бұл үйлерден басқа тұрғын үй жоқ деп отыр. Оның үстіне компания қызметкерлерін ынталандырудың басты факторы да баспана. Жалдамалы үйлерден түскен ақшаны оның тазалығына, жөндеу жұмыстарына жұмсаймыз деген компаниядағылар екі жыл бұрын 66 үйдің жөндеуден өткенін айтады. 

"Корпоративтік үйлер компания қарауында қала береді. Тұрғын үй комиссиясымен "Қазақстан темір жолы" компания басқармасының алдын ала шешімінсіз жекешендірілген пәтерлер иеліктен заңсыз шығарылған. Белгіленген тәртіп бұзылған. Сондықтан пәтерлерді қайтару үшін тиісті шаралар қолданылады", – деп мәлімдеді "Қазақстан темір жолы" АҚ Магистральдық желі дирекциясы адами ресурстарды басқару департаментінің бас менеджері дархан Тукенов.

Дегенмен Достық халқы енді заң жүзінде алыссақ та беріспейміз деп бекініп отыр.

Назархан Уән
Сәрсенбі, 09 Ақпан, 2022 10:49
Талқылау