Трамп Канада мен Мексиканы АҚШ-тың құрамына қосылуға шақырды
АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп Мексика мен Канаданы АҚШ-тың құрамына қосылуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Getty Images
Трамп бұл туралы NBC News телеарнасындағы бағдарламада айтқан. Трамп егер бұл елдер АҚШ-қа заңсыз мигранттар мен есірткі ағынын азайтпаса, Канада мен Мексикадан келетін импортқа 25% баж салығын енгізетінін, сондай-ақ екі елді АҚШ-тың субсидияларынан айыратынын атап өтті.
"Біз Канадаға жылына 100 миллиард доллардан астам субсидия береміз. Мексикаға жылына 300 миллиард долларға жуық субсидия береміз. Бұл елдерді неге субсидиялап жатырмыз? Егер біз оларға субсидия берсек, олар біздің штатымызға айналсын", – деді Трамп.
-
"Доллар нығайып, теңге әлсірейді": Сарапшылар Трамптың билікке келуі Қазақстанға қалай әсер ететінін болжады
Fox News мәліметінше, желтоқсан айының басында Трамп Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдоға Канададан келетін барлық тауарға 25%-дық импорттық баж салығын енгізуді жоспарлап отырғанын айтқан. Ал Трюдо Трампқа мұндай шаралардың Канада экономикасын өлтіруі мүмкін екенін ескерткен. Жауап ретінде Трамп “қалжыңмен” Канаданы АҚШ-тың 51-штаты етіп, Трюдоны штаттың губернаторы болуға шақырған.
Сондай-ақ Трамп қараша айының соңында Truth Social желісіндегі парақшасында президенттік өкілеттігінің бірінші күнінде заңсыз көші-қон мен есірткіге қарсы күрес шарасы ретінде Мексика мен Канададан әкелінетін барлық тауарға баж салығын арттыруды жоспарлап отырғанын жазған еді.
Еске салсақ, бұған дейін Трамп туу құқығы бойынша АҚШ азаматтығын беруді тоқтатуға ниетті екенін мәлімдеген еді.