Доминикан республикасында клуб шатыры опырылып, 184 адам қаза тапты: Елде қаралы күн жарияланды
Доминикан астанасы Санто-Домингодағы түнгі клубта шатыр опырылғаннан қаза тапқандар саны артып келеді. Соңғы мәліметтер бойынша, 184 адам мерт болды. Олардың арасында белгілі өнер қайраткерлері, спортшылар мен саясаткерлер бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: USA Today
Төтенше жағдайлар орталығының мәліметі бойынша, Jet Set түнгі клубының құлаған шатыры астынан шығарылған мәйіттер саны 184-ке жетті. Орталық басшысы құтқару жұмыстары тоқтамай, сақтықпен жүргізілетінін айтты.
Қайғылы оқиға меренге әншісі Рубби Перес пен оның оркестрі келген кезде болды. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, дүйсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат түнгі он екіге он бес минут қалғанда Jet Set клубында мыңға жуық адам болған. Алдымен ілулі шамдар кенет құлай бастады, ал сәлден кейін бүкіл төбе адамдардың үстіне құлады. 500-ден астам адам жарақат алған.
Үйінді астынан 160 адам шығарылды. Олар түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Алғашқылардың бірі болып Монте-Кристи провинциясының губернаторы Нельси Круз табылды. Ол үйінді астында жатқанда ел президентіне апат туралы хабарлады. Әйел кейін ауруханада көз жұмды.
Қаза тапқандар арасында бейсбол лигасының ойыншылары, атақты спортшы Октавио Дотель және 69 жастағы әнші Рубби Перес бар.
Шатыр әнші Рубби Перестің меренге стиліндегі концерті кезінде құлаған.
Құтқарушылар үйінділерді шығарып, адамдарды іздеуді жалғастырып жатыр. Бірақ соңғы сағаттарда тірі қалғандар табылмады. Апаттың себебі әлі белгісіз. Елде үш күндік қаралы күн жарияланды.
Еске салсақ, Доминиканда клуб шатыры опырылып, 79 адам мерт болған еді.