Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қай күні қандай мереке тойланады

Еліміздегі Жаңа жыл, Тәуелсіздік күні, Конституция күні секілді ресми мереке күндерін бәріміз білеміз. Ал, Аналар күні қашан тойланатынын білесіз бе? Stan.kz сіздер үшін Қазақстандағы мереке күндерінің тізімін жасады.

Қазақстанда қай күні қандай мереке тойланады

1 наурыз – елімізде Алғыс айту күні. Бұл мереке 2016 жылдан бастап тойлана бастады. Бұл күн  – еліміздегі барша халықтың тарихын құрметтеу күні. Мерекелік дата Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күніне орай таңдалды.

Президент «Алғыс айту күні» туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн  – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күні ХХ ғасыр басында қуғынға ұшырап, құрбан болған саңлақтарымызды еске аламыз. Қазақтың біртуар азаматтары, ғалым, жазушысы, мәдениет қайраткерлері, барлығы 25 мың адам ату жазасына кесілген еді. Сонымен бірге бұл күні ашаршылық құрбандарын еске алады.

4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны алғаш 1992 жылы 4 маусым күні бекітілген. Ту авторы Шәкен Ниязбеков, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов. Алғашқы әнұранымыздың авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди. 2006 жылы қабылданған жаңа Әнұранымыздың авторлары – Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Егемендігіміздің белгісі ретінде бекітілген Ту, Елтаңба және Әнұран – ұлтымыз үшін аса қастерлі құндылықтар. Олар барша қазақстандықтың рухын асқақтатып, ұлттық бітім-болмысын айшықтайды.

Шілденің бірінші жексенбісі елбасының бастамасымен Ұлттық домбыра күні болып бекіді. Мереке биыл алғаш рет тойланып отыр. Домбыра – қазақтың жандүниесімен байланысты. «Домбыраның үнін жусан даласында өскен қазақ қана түсінеді» деп баға берген еді елбасының өзі. Домбыраны насихаттау, киелі аспапты дәріптеу мақсатында бұл мереке жыл сайын тойланатын болады.

10 тамыз - Абай күні болып бекітілді. Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысымен бұл күн мейрам ретінде мерекелер күнтізбесіне енгізілді. 

Мемлекет басшысының 2003 жылғы 15 қарашадағы жарлығына сәйкес, елімізде тамыз айының үшінші жексенбісі – спорт күні болып бекіген. Аталған мереке елде спортты дамыту мен спорттағы жетістіктерді ынталандыруға арналған. Бұл күні салауатты өмір салтын ұстануға арналған спорттық шаралар ұйымдастырылады.

1 - қыркүйек Білім күні. Білім күні, 1 қыркүйекте қазақстандық мектептерде алғашқы қоңырау соғылады. 1 қыркүйек мерекесі Кеңес заманында пайда болған екен. Ресми түрде «Білім күні» ретінде 1984 жылы Жоғарғы Кеңес Президиумының жарлығымен бекітілген.

Қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні. 15 мамыр – халықаралық   отбасы   күні.  Мереке 1993  жылы  БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген. Отбасы – шағын мемлекет. Сондықтан атаулы мереке қоғамның назарын отбасыға аудару, отбасының ең маңызды құндылығмыз екенін ұғындыру  мақсатында аталып өтеді. Бұл күні отбасы мүшелері бір-біріне ерекше сыйлықтар жасап, көңілін көтереді.

Қазақстанда қыркүйек айының үшінші жексенбісінде Аналар күні аталып өтеді. Адам өмірінде ананың рөлі ерекше. Адамзатың ана алдындағы парызы көп. Бұл күн аналарымызды құрметтеу күні. Перзенті үшін жанын қиюға даяр аналарға алғыс айту идеясы Нұрсұлтан Назарбаев идеясымен бекітілген болатын.

Елімізде 130-дан астам ұлт мен ұлыс мекен етеді. Отанымыздағы барша халықтың тілін құрметтеу мақсатында 22 қыркүйек Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні тойланады. Мереке аясында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар өтеді. Бір күнде күллі халықтың жетістігін тамашалап үлгермейтіндіктен мереке бір айға жуық тойланады.

Қыркүйек айының төртінші жексенбісі – Еңбек күні. Мереке еліміздегі жұмысшы мамандық еңбеккерлерінің рухын нығайтып, еңбегіне алғыс айту күні. Түрлі сала мамандарын марапаттайды. Мерекенің атап өтудегі мақсат – өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттау мен жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту болып табылады.

1 қазан - Халықаралық қарттар күні. 1990 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қазанның 1-ін Халықаралық қарттар күні деп бекітті. Алғашында Қарттар күні Еуропада, кейін Америкада, ал 80-ші жылдардың соңында бүкіл әлемде аталып өтетін болды. Бұл күні аз қамтамасыз етілген қарт адамдар, жалғызілікті зейнеткерлер мен қарт мүгедектер құрметке бөленеді, сондай-ақ оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек көрсетіледі.

16 қазан Нан күнін атап өтеді. БҰҰ 2017 жылдың 16 қазан күнін Бүкіләлемдік нан күні ретінде тіркеу туралы шешім шығарды. Ал Қазақстанда бұл күн 2019 жылғы 16 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының үкіметінің қаулысымен бекітілді

Төл теңгеміз – тәуелсіздігіміздің бір айғағы. Елімізде 15 қараша Ұлттық валюта күні тойланады. Сонымен қатар бұл күні  қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Төл теңгеміз 1993 жылдың 15 қарашасынан бастап айналымға енді. Алғашқы теңгенің бетінде Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Әбілқайыр мен Абылай хандар секілді қазақтың біртуар азматтары бейнеленген еді. Бұл купюралар 2006 жылдың шілде айына дейін қолданыста болды.

Талқылау