Доллардан бас тарту, біржақты санкция және Украинамен соғысты бейбіт шешу: ШЫҰ саммиті қалай өтті?
3-4 шілде елордада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының кезекті 24-саммиті өтті. "ШЫҰ плюс" форматында өткен жиынға әлемнің 16 елінен келген мемлекет басшылары бас қосты. Stan.kz тілшісі әлем көз тігіп отырған іс-шарадағы айтулы оқиғаларға шолу жасап шықты.
Фото: Akorda.kz
Жиынның ашылуында сөз алған президент ұйымға мүшелік ету өте жауапты міндет екенін айтты.
Жиынның ең қадірлі және алғашқы ресми қонағы – арнайы мемлекеттік сапармен келген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин. Қалған мемлекет басшылары ресми сапар аясында келді. Келіссөздер басталар алдында мәртебелі қонақтың құрметіне Әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлері президент сарайының алдына Қытай туының түсімен ұшты. Қытай Төрағасының сапары аясында жалпы құны 3,7 млрд АҚШ долларынан астам сомада 40 құжатқа қол қойылды. Екі күнге созылған жиында ұйымға мүше елдердің басшылары 25 құжатқа қол қойды.
Си Цзиньпин өз сөзінде Бейжіңнің Қазақстанға қатысты саясаты өзгеріссіз қалатынын айтты.
"Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, Қазақстанмен достықты сақтауға деген ұмтылысымыз және көпқырлы ынтымақтастықты дамытуға деген шешіміміз және негізгі мәселелер бойынша бір-бірімізді қолдауға деген ұмтылысымыз өзгеріссіз қалатынын тағы да атап өткім келеді. Ұлттық даму міндеттерін орындауға деген сеніміміз де өзгеріссіз қала береді", – деді Қытай басшысы. Саммиттен кейін Қытай басшысы Тәжікстанға барады.
"Ресей Украинадағы жағдайды бейбіт жолмен шешуді жақтайды”
Жиынның әлемдік БАҚ-та ең қызу талқыланып жатқан тұсы – Владимир Путиннің Украинамен соғысты бейбіт жолмен тоқтатуға дайынбыз деген мәлімдемесі.
"Ресей әрқашан Украинадағы жағдайды бейбіт, саяси және дипломатиялық жолмен шешуді жақтады және жақтайды. Бұл дағдарыс АҚШ пен оның серіктестерінің саясатының нәтижесінде пайда болды" – деді Путин.
Сондай-ақ Путин Трамптың Украинадағы соғысты тоқтату ниетін қолдайтынын айтты. Айтуынша, мұның бәрі әзірге Мәскеу мазмұнынан бейхабар ұсыныстарға байланысты.
"Трамп мырзаның президенттікке үміткер ретінде Украинадағы соғысты тоқтатуға дайынмын деген мәлімдемесіне байыппен қараймыз. Мен оның мүмкін ұсыныстарымен таныс емеспін. Шынында бұл – негізгі мәселе. Мен оның мұны шын жүректен айтқанына күмәнім жоқ және біз оны қолдаймыз", – деді Путин.
"Доллардың алдында дірілдейміз"
Ресеймен қоса Батыс санкцияларына ілінген Беларусь Саммитке мүше оныншы ел болып қосылды. Беларусь президенті Александр Лукашенко Шанхай достастық ұйымының елдерін доллардан бас тартуға және ұлттық валютадағы екіжақты төлемдерге көшуге шақырды.
"ШЫҰ-ның барлық кешенді күн тәртібі бойынша практикалық өзара іс-қимылды күшейту керек. Мен қаржыдан бастауды ұсынамын. Беларусь басым мәселе ретінде ұлттық валюталарда екіжақты төлемдер тетігін және ШЫҰ Ұжымдық қаржы институтын құруды қарастырып отыр. Біз бәріміз үлкенбіз және ұлымыз деп айтамыз. Біз шынымен ұлымыз. Ұйымда халықтың 40%-дан астамы немесе әлемдік ЖІӨ-нің үштен бір бөлігі бар, бірақ доллармен есептелген", – деді Лукашенко Астанадағы саммитте сөйлеген сөзінде.
Лукашенко паритетпен сатып алу қабілеті бойынша тек ШЫҰ-да ең қуатты екі көшбасшы – Қытай мен Ресей бар екенін айтты.
"Ал біз бәріміз осы доллардың алдында дірілдейміз. Бірақ долларға тәуелділікті азайту үшін белгілі бір қадамдар жасайық. Сосын доллар клубын басқаратындардың бұдан әрі бұлай жалғаспайтынын түсініп, қорқатындарын көретін едік. Біз бәрін көріп тұрсақ та, ешқандай әрекет жасамаймыз. Ал адамдар күтіп жүр", – деп түйіндеді Беларусь президенті.
Шарада Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің Астана декларациясы қабылданды. Декларацияда ШЫҰ мүше мемлекеттер біржақты санкциялар салуға қарсылық білдірді.
Жиын кезінде мемлекет басшысы климаттың өзгеруі бүкіл әлем үшін өзекті мәселеге айналғанын айта келіп, оның жағымсыз әсерін Қазақстан да сезіне бастағанын атап өтті.
"Қазіргі нақты жағдайда экология мен климаттың өзгеруімен күрес саласындағы ынтымақтастық ерекше өзекті. Бұл саладағы жағдай қатты алаңдатады. Біз барша мемлекеттерге орасан зор зиян келтіретін әртүрлі табиғи апаттардың айтарлықтай өскеніне куә болдық. Жуырда Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынының зардабын бастан өткерді. Мамандардың айтуынша, бұл табиғи апаттың ауқымы жаһандық жылыну үдерісімен тікелей байланысты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құжатқа ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары қол қойды.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ кеңістігінде ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісін қолға алысатындарын атап өтті.
Палестина-Израиль қақтығысы талқыланды
Шарада ұйымға мүшелік ететін елдерден бөлек, Палестина-Израиль қақтығысы талқыланды. Астанадағы саммит қорытындысы бойынша қабылданған декларацияға сәйкес, Палестина мәселесін әділ шешу негізінде бітімге келу маңызды деген шешім шығарылды.
"Ұйымға мүше мемлекеттер Палестина-Израиль қақтығыстарының шиеленісуіне терең алаңдаушылық білдіре отырып, көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және Газа секторындағы апатты гуманитарлық жағдайға әкелген әрекеттерді қатаң айыптайды", – делінген құжатта.
Иран Ислам Республикасы президентінің міндетін атқарушы Мохаммед Мохбер Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Астана саммитіне қаза тапқан ел президенті Ибрахим Раисидің суретін әкелген.
Ибрахим Раисидің суреті Иран басшысының міндетін атқарушы отырған үстелге қойылды. Иранның бұрынғы президенті Ибрахим Раиси 19 мамыр күні тікұшақ апатынан қаза тапқан еді. Айта кету керек, Иран – ШЫҰ-ның тоғызыншы мүшесі.
Ұйымның толыққанды мүшесі болу туралы шешім 2023 жылы қабылданған.
ШЫҰ-ға мүше елдердің білім және ғылым министрлерінің кездесуінде бөлек қаржыландыру есебінен бірлескен ғылыми гранттар бағдарламасын іске қосуға келісті. Еліміздегі ұлттық университеттерде қытай тілін оқытатын кафедралар құрылады. Еуразия ұлттық университетінде Лу Бань шеберханасы ашылады.
Саммитке ұйымға мүше емес Әзірбайжан, Катар, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркіменстан, Түркия басшылары және Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антонио Гутерриш қатысты. Жиынға Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қатыспады, оның орнына елдің сыртқы істер министрі Субраманьям Жайшанкар келді. Қазақстанның бұрынғы қорғаныс министрі ШЫҰ-ның бас хатшысы болып тағайындалды.
Екі күндік саммит кезінде елордадағы көптеген ойын-сауық орындарына қатты музыка қоюға, қала көшелерінде жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылды. Сондай-ақ астанадағы Ботаника бағында мерекелік от-шашу болды.